Біржан Оразов: «Алғашқы ойынды жеңіспен бастағымыз келеді»

Біржан Оразов: «Алғашқы ойынды жеңіспен бастағымыз келеді»

14 қыркүйек 2023, 15:26
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Біржан Оразов 2024 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Нидерландпен өтетін ойын алдында арнайы сұқбат берді.

– Біржан, алдағы Нидерландпен өтетін ойынға дайындық қалай?

– Алматыда басталған оқу-жаттығу жиыны өте жақсы өтті. Басты жоспарымыз Әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне сапалы дайындалу. Алғашқы ойынды жеңіспен бастағымыз келеді. Нидерланд құрамасының деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатыр. Сол себепті ойын оңай болмайтыны анық. Өз алаңында көптеген жанкүйерлер де қолдау көрсетеді. Ал біз өз күшімізді көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

– Ұлттық құраманың көңіл-күй қандай?

– Ұлттық құраманың атмосферасы өте жақсы. Жігіттер бір-бірін жақсы түсінеді. Елімізді, ұлтымызды өте жоғары деңгейге көтергіміз келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда футзал спорты кеңінен танымал. Соның бастауына атсалысқан біздің жігіттер деп санаймын. Жоғары деңгейде ойын көрсету басты міндет. 

– Румыниямен өтетін екінші ойын туралы айтып өтсеңіз?

– Алматыда Румыниямен өтетін ойында Балуан Шолақ спорт кешенінде жанкүйерлер лық толы болады деп күтемін. Қазақстанға жанкүйер жандардың барлығын ойынға шақырамын. Қызық ойын болады деп сенемін. Біздің мақсат – 2024 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдама алу. Барлық ойындарда жеңіске жетуге тырысамыз. 

Бөлісу
Жоғары