Астанада діни конфессиялар өкілдері арасында футбол турнирі өтті
ҚР Тәуелсіздік күніне және Қазақстан футболына 110 толуына арналған турнир Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығының қолдауымен өтті. Бұл іс-шара бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас элементі саналатын дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған.
Айта кететін жайт, 2023 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі XXI Хатшылығы отырысы өтті. Сол кезде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі жиарма жылға жуық қызметінде дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын ілгерілетуге елеулі үлес қосқанын, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге ықпал еткенін атап өтті.
Турнирдің салтанатты ашылуына Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, архиепископ, Астанадағы Әулие Мария Архиепархиясының митрополиті Томаш Пэта, Қазақстанның Евангелиялық сенімі Христиан шіркеулері Одағының Өңірлік үйлестірушісі Сергей Кан және Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қатысты.
ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов футболдың әр түрлі діндер арасындағы құрмет пен ынтымақтастығында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда елімізде 18 конфессиядан тұратын 3800-ден астам түрлі діни бірлестік бар екенін және бәрі бейбітшілікте өмір сүріп жатқанын білеміз. УЕФА өткен бұл турнир ұлттық бірегейліктің, мәдени әртүрліліктің және әлеуметтік ынтымақтастықтың бейнесі. Турнир бәрімізге тек қуаныш пен жағымды эмоциялар әкелсін», – деді Барменқұлов.
ҚФФ Кубогында әр түрлі діни бірлестік қауымынан 12 команда бақ сынады.
1. «Алаш» – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының командасы;
2. «Тұран» – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының командасы;
3. «Фатима» – Астана қ. Рим-Католик және греко-католик шіркеуінің командасы;;
4. «Агапе» – Қазақстанның Евангелиялық сенімі христиандар шіркеулері Одағының командасы;
5. «Свет любви» – Қазақстанның Евангелиялық сенімі христиандар шіркеулері Одағының командасы;
6. «Сәлем Юнайтед» – Евангелиялық христиан-баптистер Астана қауымының командасы;
7. «Евангелиялық христиан-баптистер шіркеулері» командасы
8. Астана қ. Жаңа апостолдық шіркеуінің командасы;
9. «Астана қ. Бахаи қоғамдастығы» командасы;
10. «Баларама» – Астана қ. Кришна сана қоғамының командасы»
11. Назарян шіркеуі;
12. Астана қ. Діндерді зерттеу орталығының командасы.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының «Тұран» командасы алды. Екінші орын Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығының командасына бұйырды. Үздіктер үштігін «Астана қ. Бахаи қоғамдастығы» командасы түйіндеді. Жеңімпаз командаға «Діни конфессиялар арасындағы Достық кубогы» табысталып, командалар ҚФФ-дан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ жеке марапаттар да табысталды:
Үздік қақпашы – Нұрбек Құрмет (Астана қ. Бахаи қоғамдастығы)
Үздік қорғаушы – Әзімбек Құралбаев («Тұран»)
Үздік шабуылшы – Азамат Нұржанұлы («Алаш»)
Үздік сұрмерген – Мадияр Рамазанов (Астана қ. Діндерді зерттеу орталығының командасы)
Жарысқа қатысушылар қазіргі заманда діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім Қазақстанның негізгі құндылығы екенін атап өтті. Қазіргі қоғамда конфессияаралық толеранттылық пен толерантты сана көзқарасын қалыптастыру қоғамда тәрбиелік маңызы бар.
«Діни конфессиялар арасындағы ҚФФ Кубогы жоғары деңгейде өтті. Осы үшін ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз. Мұндай жарыстар діни бірлестіктер арасындағы конфессияаралық келісім мен достықты нығайту үшін өте маңызды. Сондай-ақ турнирге қатысушы командаларға алғыс айтамыз. Турнир жалғасын тауып, дінаралық бейбітшілік пен келісімді одан сайын нығайта түседі деген сенімдемін», – деп әсерін бөлісті «AQ MESHIT» мешітінің наиб имамы Оңғар Хайридинов.
«Қазақстан футбол федерациясына турнирді ұйымдастырғаны үшін алғысымызды айтамыз. Мұндай деңгейдегі жарыс алғаш рет өтіп отыр. Болашақта дәстүрлі турнирге айналып, тұрақты түрде өтеді деген сенімдеміз. Оған қоса, алдағы уақытта турнирде тек елордада емес, еліміздің барлық өлкесінде өткізуді қалаймыз», – деді Астана қ. Діндерді зерттеу орталығының дінтанушысы Олег Синяков.
Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.