Магомед Адиев: «Ертеңгі кештің маңыздылығын жігіттердің бәрі түсінеді»

Магомед Адиев: «Ертеңгі кештің маңыздылығын жігіттердің бәрі түсінеді»

20 наурыз 2024, 21:10
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінің жартылай финалында Грекия құрамасымен өтетін ойын және команданың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

– Магомед Мұсаұлы, осы кездесудің маңыздылығын ескерсек, барлық ойыншылар моральдық тұрғыдан дайын ба?

– Ертеңгі кештің маңыздылығын жігіттердің бәрі түсінеді. Мен сөз сөйлеу арқылы оларға тым көп қысым жасаудың мәнін көрмеймін. Осыған байланысты Словениямен болған ойынмен салыстырғанда мінез-құлқымды аздап өзгерттім, олардың көзіне азырақ түсуге тырысамын.

– Қазіргі құрамда ауыз бекіткен бірнеше ойыншы бар, оның ішінде Зайнутдинов те бар. Олардың жағдайы қандай және осыған байланысты дайындық процесіне қандай да бір түзетулер енгізілді ме?

– Барша мұсылман қауымын Ораза мерекесімен құттықтаймын, Алла Тағала барша ізгі амалдарымызды қабыл етсін. Біз Дубайда өткен оқу-жаттығу жиынында өзгерістер енгізіп, жаттығу процесін реттедік. 

– Айымбетов пен Зайнутдинов жиын соңына қарай қосылды, оқу-жаттығу жиынының көп бөлігін өткізіп алды. Бұл мәселе қаншалықты қиындық тудырды?

– Иә, тағы да Абат пен Баха соңына қарай келді. Қалғандарымен өте жақсы тактикалық жұмыс жасалды. Айымбетовпен сөйлестік, Бахамен әлі сөйлесу керек. Біз мұны мәселе деп санамаймыз, тек осы жағдайды шешу ғана қажет.

– Жаттығуда пенальти сериясына дайындық жасалды ма?

– Мен футболшылардың пенальтимен жаттығуын жақтамаймын. Мұны өз мансабымда бірнеше рет сезіндім. Жаттығуда және ойында пенальти тебу мүлдем басқа нәрсе. Бізде нүктеден тебе алатын ойыншылар бар. Бірақ қалай болғанда да мен олардың психологиялық дайындығын тексеремін. Қақпашыларға келетін болсақ, біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ситало екеуміз бұл мәселені талқыладық.

Бөлісу
Жоғары