Мадияр Кембілов: «Матчтарға қыздар сақадай сай»

Мадияр Кембілов: «Матчтарға қыздар сақадай сай»

04 сәуір 2024, 09:23
Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов Еуро-2025 іріктеу кезеңі аясында өтетін Болгарияға қарсы матч жайлы пікірін білдірді.

– Ойынға дайындық өте жақсы. «Қайраттың» базасында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Матчтарға қыздар сақадай сай. Екі ойыншымыз жиынға жарақатымен келді. Десе де алдағы ойынға дайын болады деп сенеміз.

Қағаз жүзінде Болгария фаворит, бірақ кім жеңетінін алаң көрсетеді. Біз үйімізде ойнаймыз. Қолдан келгенше жанкүйерлерді қуанту үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Үйде ойнаған соң, тек жеңіске жету керек деп ойлаймын. Қыздар психологиялық тұрғыдан да, физикалық жағынан да дайын. 

Болгарияға қарсы матчтан кейін Румынияға жолға шығамыз. Топтың көшбасшысы командасына қарсы ойнаймыз. Құрамында Еуропа чемпионаттарында доп тебетін ойыншылары бар. Бірақ олар «Лациода» не «Вольфсбургте» ойнайды деп қарамауымыз қажет. Олардан еш кем емес екенімізді білуіміз керек. Олар да біз сияқты адамдар. Сол үшін де қыздар жеңіске жету үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Айта кетейік, Қазақстан қыздар құрамасы 5 сәуір күні Алматыдағы Т.Сегізбаев ат. Академияда Болгария құрамасымен кездеседі. Артынша 9 сәуірде Бухарестте Румынияға қарсы ойын өткізеді. 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары