ҚФФ спорт журналистерін құттықтады

ҚФФ спорт журналистерін құттықтады

10 шілде 2024, 20:02
Футбол үйінде Халықаралық спорт журналистері күніне арналған дәстүрлі шағын футболдан мерекелік турнир өтті.

Турнирге елімізде спорт тақырыбында қалам тербетіп жүрген журналистер қатысты. Жарысқа қатысқан командалар Диас Омаров, Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Сейітхан және Евгений Гайдамакин есімдерімен аталды. Жанкүйерлер тобына танымал спорт комментаторы Сұлтанғали Қарайтұлының аты берілді.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов спорт журналистерін төл мерекелерімен құттықтап, футболды дамыту жолындағы жан-жақты еңбектеріне алғыс айтты.

Турнир төрттік финалы форматында ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша жартылай финалдың алғашқы жұбын Диас Омаров пен Амангелді Сейітхан құрады. Екінші алаңда Сейдахмет Бердіқұлов пен Евгений Гайдамакин атындағы командалар бақ сынасты. 

Алғашқы ойында 4:2 есебімен Сейдахмет Бердіқұлов командасының бағы жанды.

Екінші кездесуде Диас Омаров атындағы команда 8:1 есебімен жеңіске жетті. 

Халықаралық спорт журналистері күніне арналған турнирдің финалында Сейдахмет Бердіқұлов мен Диас Омаров командалары тартысқа түсті. Шешуші сында Диас Омаров командасы пенальти сериясында 3:2 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. 

Үшінші орын үшін таласта Амангелді Сейітхан командасы Евгений Гайдамакин командасын 3:1 есебімен ұтты. 

Жарысқа қатысқан командалардың барлығына бірдей жүлде табысталып, журналистерден құралған жанкүйерлер тобына естелік сыйлықтар тарту етілді.

Халықаралық спорт журналистері күніне арналған мерекелік жарысқа қатысушылар тартысты ойын көрсетіп, керемет көңіл-күй сыйлады. Федерация жарысты қатарынан үшінші жыл ұйымдастырды.

Қазақстан футбол федерациясы еліміздегі барша спорт журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтайды. Зор денсаулық, сарқылмас шабыт және шығармашылық табыс тілейді!

Бөлісу
Жоғары