Асхат Тағыберген: «Үйдегі соңғы ойында жанкүйерлерді қуантқымыз келеді»

Асхат Тағыберген: «Үйдегі соңғы ойында жанкүйерлерді қуантқымыз келеді»

13 қараша 2024, 13:23
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Қазақстан – Аустрия матчының ойын алды баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сауалдарына жауап берді.

– Чемпионат аяқталды. Қазір футболшылардың физикалық жағдайы қалай?

– Иә, біздің чемпионат 10 қарашада аяқталды. Одан бері үш-ақ күн өтті. Физикалық жағынан толық дайынбыз деп ойлаймын. Бәрі ертең жасыл алаңда шешіледі. 

– Ұлттық құрамаға негізгі құрамда ойнайтын кейбір ойыншылар шақырылмады. Бұл ертеңгі ойынға өз әсерін тигізе ме?

– Құрамаға 27 ойыншы шақырылады. Бәрі негізгі ойыншылар болып саналады. Футболда сөз бар ғой, кез келген ойыншы алмастырылады. Сол себепті барлық ойыншыны ауыстыруға болады деп ойлаймын. 

– Алматыда ауа-райы күрт өзгерді. Матч күні қар жауады. Осындай ауа-райы бізге көмегін тигізе ме?

– Футболды ойнау үшін ауа-райының қандай болғаны маңызды емес: қар болса да, жаңбыр болса да, жел болса да, біз дайынбыз. Ертең біз бар күшімізді салып, ойынға толық дайын боламыз. Барлық жағдайды ескере отырып, бар күшімізді салып ойнаймыз. Бұл біздің соңғы ойынымыз, жанкүйерлеріміздің көз алдында өткіземіз. Бар күшімізді салып, жеңіске жетуге тырысамыз. 

– Жақында ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті. Ол кісінің команданы қалай қолдағанына бәріміз куә болдық. Команда жаңалықты қалай қабылдады?

– Әрине, Әділет Назарбайұлының кеткен бізге үлкен әсер қалдырды, көңіліміз түсті. Өйткені екі жарым жылдың ішінде көп нәрсе жасадық. Жақсының жақсылығын айт дегендей, осы екі жарым жылда елімізде «футбол дүмпуі» болды. Соны жалғастыруға тырысамыз. Қанша басшы, қанша президент ауысты. Біз футболшы болғандықтан өзіміздің жұмысымызды істеп, еліміз үшін ойнаймыз.

Бөлісу
Жоғары