Кәсіби футболды қайтадан Қазақстан Футбол Федерациясының басқаруына беру: бұл неге маңызды?
Бұл ретте басты мәселе ретінде Федерация, көшбасшы клубтар мен футбол қауымдастығы арасындағы сындарлы диалогтың жоқтығы аталды.
«ҚФФ мен клубтардың спорт менеджерлері арасындағы келіспеушіліктер ұзаққа созылатын пікірталасқа не түсініспеушілікке айналады. Қоғамда Федерацияның шешімдеріне, соның ішінде легионерлерге қатысты лимиттің алынып тасталуы, басшылыққа «түсініксіз» шетелдік мамандарды шақыру, төрешілер арасындағы жемқорлық пен ашықтықтың болмауына қатысты жиі сын айтылады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, букмекерлік кеңселердің отандық футболдағы үстемдігі де қоғамда талқыға түскен тақырыптардың бірі болып, жанкүйерлердің наразылығын тудырды.
1. Букмекер жарнамасын азайту – жанкүйерлердің сенімін арттыру
Бүгінде букмекерлік кеңселердің жарнамасы Қазақстан футбол лигаларының атауларымен тікелей байланысты. Ал бұл өз кезегінде спорттың беделіне теріс әсер етеді деп санайды жанкүйерлер. 2024 жылы шілдеде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойын бизнесіне жарнама жасауды шектейтін заңға қол қойды. Осыған байланысты ҚФФ лига мен турнир атауларынан букмекерлік компаниялардың атауларын алып тастау бойынша жұмысын бастап кетті.
Десе де букмекерлік кеңселердің аймақтарда кәсіби клубтармен жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді. Бірақ алдағы уақытта олар әділ бәсекелестік жағдайында болып, лига атауларында үстемдік етпейді. Бұл футболда дұрыс әрі ашық атмосфера қалыптастырудың алғашқы қадамы болмақ.
2. ҚФФ-тың басты міндеті — аймақтағы клубтарды дамыту
Қазақстанда футбол баршаға қолжетімді әрі қызық болуы керек. Қазір аймақтық клубтар қолдау мен ресурстардың жетіспеушілігінен зардап шегуде.
ҚФФ аймақтардың көбірек қолдау алуына жағдай жасайтын жаңа бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жергілікті клубтарға демеушілер мен жанкүйерлерді тартуға, бизнес қауымдастықтарымен байланысты нығайтуға және жастарды спортқа баулуға көмектеседі. Басты мақсат – клубтардың деңгейі мен орналасқан жеріне қарамастан бәріне тең мүмкіндік беру.
3. Ашықтық пен тұрақтылық – сенімдік кепілі
Кәсіби футболды Федерацияның басқаруына қайтару бүкіл жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. ҚФФ ұлттық және халықаралық стандарттар аясында жұмыс істейді. Ал бұл жанкүйерлердің, клубтар мен демеушілердің сенімін нығайтады.
Бұл стратегиялық қадам келіспеушіліктерді жоюға, спортқа деген сенімді арттыруға, аймақтық командаларды дамытуға, төрешілер сапасын жақсартуға және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктер жасауға көмектеседі.
Қазақстанның кәсіби футболы жаңғыруды қажет етеді және бұл шешім оң өзгерістердің бастамасы болуы мүмкін.