Пауло Рикардо Кака: «Бұл ең өкінішті жеңілістердің бірі»
– Матч нәтижесі біз үшін күтпеген жағдай болды. Шынымды айтсам, бұл менің Қазақстан құрамасында жұмыс істеген алты жылдағы ең өкінішті жеңілістердің бірі. Біздің команда әрдайым жеңіс үшін ойнайды. Бірақ бүгін жеңудің орнына жеңіліс таптық.
Ойынға келер болсам, гол соғатын көп мүмкіндігіміз болды. Десе де соңғы үш матчтағы бұл ең жасқы ойынымыз болды. Себебі бүкіл матч бойы ойынды өз бақылауымызда ұстадық. Қақпамызда қауіпті сәттер аз болды. Бірақ, өкінішке қарай, мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық.
Нәтиже үшін жауапкершілік әрдайым бапкерде екенін жақсы түсінемін. Бірақ бүгінгідей сәтте ойыншылар да жауапкершілікті сезіну керек деп санаймын. Әрқашан жауапкершілік болады. Бірақ бүгінгі ойынға аса жауапкершілікпен қарап, жасаған еңбегімізді соңына дейін жеткізуі керек еді.Ойыннан команданың үлкен жұмыс атқарғанын көруге болады. Бірақ бапкер алаңға шыға алмайтын шешуші сәттерде гол соға алмадық. Бұл – ойыншылардың міндеті. Сол себепті олар да өз жауапкершілігін түсінуі керек. Барлық ойын сәттерін бірге қарап, міндетті түрде талдау жасаймыз. Кейбір футболшыларға өзінің ойын деңгейін көтеру қажет.
Егер футзалды мұқият бақылап жүрсеңіз, бүгін алаңда жас ойыншылар көп ойнағанын байқаған боларсыз. Қазір құрама жасару кезеңінен өтіп жатыр. Бүгін 21-22 жастағы екі футболшы негізгі құрамда көп ойнады. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.
Әрине, басқа да объективті факторлар бар. Паркет футзал талаптарына сай келмейді. Десе де бұл екі командаға да әсер етті. Біз ойында басым болғанымызбен, өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық.
Қазір команда қиын кезеңді басынан өткізіп жатыр. Психологиялық тұрғыдан оңай емес. Дегенмен бәрі өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз. 2021 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезінде жағдай бұдан да қиын болған. Ол кезде жолдама тағдыры бізге ғана емес, басқа матчтың нәтижесіне тәуелді болған еді. Ал қазір бәрі тек біздің қолымызда.
Еуропа чемпионатына шығу біздің мақсатымыз. Сондықтан мақсатымызға жету үшін барымызды саламыз. Осы қиын сәтті бәріміз бірге еңсереміз.