Мадияр Кембілов: «Люксембургті жеңуіміз керек еді, бірақ мүмкіндікті пайдалана алмадық»

Мадияр Кембілов: «Люксембургті жеңуіміз керек еді, бірақ мүмкіндікті пайдалана алмадық»

27 ақпан 2025, 18:30
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов Ұлттар лигасындағы Люксембург пен Арменияға қарсы өткен ойындарға баға берді.

Матчтардың маңызды сәттері, жеңілістің себебі, ұзақ жолдың әсері және командадағы ойын ритмінің жоқтығы туралы айтты. Сонымен қатар, алдағы кездесулерге қандай дайындық қажет екенін және құраманың турнирдегі мүмкіндіктерін сөз етті.

— Алғашқы екі ойынға қандай баға бересіз?

— Екіұдай сезімдемін. Неге? Өйткені Люксембургке қарсы ойында жеңуіміз керек еді. Бізде жақсы мүмкіндіктер болды, есеп 2:1, 2:2 болғанда үш рет қақпашымен жеке шықтық. Әсіресе, бірінші таймда қыздар өте сапалы ойын көрсетті. Бірақ аздап жетпей қалдық. Неге десеңіз, физикалық жағынан шаршадық. Ең бастысы — шілдеден бері жиналып, ойын өткізген жоқпыз. Сол себепті матч соңына қарай ауыр болды. Ауыстырулар да ойынды күшейтпеді, лайықты алмастыратын ойыншылар болған жоқ. Дегенмен, қыздарға алғысымды білдіремін, олар намыс көрсетті, құрметке лайық.

— Люксембургке қарсы ойында команда мінез танытты. Бірақ жеңісті сақтап қалуға не кедергі болды?

— Қайталап айтамын, бізге мүмкіндік жүзеге асыру жетіспеді. 2:0 есебімен алға шықтық, тағы бірнеше жақсы сәттер болды, бірақ пайдалана алмадық. Бұл бірінші кезекте чемпионаттың басталмағанымен байланысты. Біз әлі ойын ырғағына кірген жоқпыз, сол себепті шабуылда сенімділік жетіспеді.

— Арменияға қарсы ойында команда жеңіліп қалды. Бұл матчта негізгі қателіктер неден болды деп ойлайсыз?

— Иә, Арменияға қарсы ойында жеңілдік. Бірінші голды өзіміз қателесіп өткізіп алдық. Ал екінші гол пенальтиден соғылды. Меніңше, бұл әділетсіз шешім болды, себебі біздің ойыншы қолмен ойнаған жоқ деп ойлаймын.  Бірақ шындыққа тура қарау керек – біз бұл матчта жеңіске лайық ойын көрсеткен жоқпыз. Себебі? Біріншіден, жол тым ұзақ әрі ауыр болды. Алдымен үш сағат автобуспен Франкфуртқа жеттік. Одан кейін екі топқа бөлініп Варшаваға ұштық. Сол жерде тоғыз сағаттай рейсті күттік, содан кейін ғана Ереванға жеттік. Ерлер командасы мұндай сапардан тезірек қалпына келеді, ал қыздар үшін қиынырақ. Оған қоса, Люксембургте жаңбырдан кейін ауыр, батпақты алаңда ойнадық. Ал Арменияда мүлде басқа жағдай – қатты, жылдам алаң. Жерге бейімделу қиын болды, қыздардың аяқтары шаршап, шабуылда өте әлсіз көріндік. Люксембургте шабуылда белсенді болсақ, бұл ойында, әсіресе бірінші таймда, мүлде ештеңе жасай алмадық. Тек екінші таймда, ауыстырулардан кейін біраз сәттер пайда болды. Жалпы айтқанда, бұл матчта жеңіске лайық болмадық. Екі сырт алаңдағы кездесу біз үшін өте ауыр өтті.

— Алдағы ойындарға дайындық барысында қай бағытқа басымдық бересіздер?

— Ең бастысы – қателіктермен жұмыс істеу. Талдау жасап, қандай кемшіліктер бар екенін түсініп, түзетуіміз керек. Келесі ойынға өте жақсы дайындалу қажет. Екінші маңызды мәселе – әйелдер чемпионатының әлі басталмауы. Бірнеше ойыншымыз шетелде – екеуі Ресейде, біреуі Беларусьта. Оларда чемпионат наурыз айында басталады, сондықтан олар ойын ритмінде болады. Ал жергілікті футболшыларда жағдай қиындау. Қазір ресми ойын жоқ, чемпионат басталған жоқ, оның қашан басталатыны да белгісіз. Дегенмен, қыздар клубтарында жаттығуды бастайды, бұл физикалық дайындықты жақсартуға көмектеседі. Бірақ ойынсыз дайындық толық болмайтыны анық.

— Алғашқы екі турдан кейін алдағы ойындарға қандай мақсат қоясыз?

— Біздің мақсат – келесі кезеңге өту. Алда бір сырт алаңдағы және үш өз алаңымыздағы ойын бар. Сондықтан бәрі өз қолымызда. Мүмкіндік бар, әлі төрт матч бар, ештеңе жоғалтқан жоқпыз. Ең бастысы – жақсы дайындалып, келесі ойындарда бар күшімізді салу.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары