Талғат Байсуфинов: «FIFA Series – Ұлттар лигасына дайындықтың маңызды кезеңі»
«Баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтаймын. 2026 жылғы алғашқы турниріміз басталғалы тұр. Қазір команда толық құрамда жиналды. Кеше алғашқы толыққанды жаттығуымызды өткіздік. Ертең Намибия құрамасына қарсы ойнаймыз. Жалпы турнирде біздің қарсыластарымыз – Намибия және Комор құрамалары. Екі команда да Африка құрлығынан. Бұл біз үшін жақсы тәжірибе, себебі мұндай қарсыластармен ұлттық құрама деңгейінде жиі ойнаған жоқпыз. Олардың кейбір ойыншылары Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді. Сондықтан олардың физикалық дайындығы, атлетикасы мен дриблингі туралы белгілі бір ақпарат бар. Дегенмен, толық құрамда қалай ойнайтынын бұрын көрген жоқпыз.
Қазір футболшыларға барлық қажетті ақпарат берілуде. Бүгін Комор құрамасының ойынын талдап, соған сәйкес жаттығу жасадық. Әрине, басты мақсатымыз – жеңіске жету. Бірақ негізгі стратегиялық міндет – Ұлттар лигасына дайындық. Бұл турнир сол жолдағы алғашқы кезең.
Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы тур ойындарын бақыладық. Бірқатар ойыншы назарымызда, соның ішінде Бауыржан Исламхан да бар. Маусымда тағы жолдастық кездесулер жоспарланған. Сол кезде құрамды қайта қарап, нақты шешімдер қабылдаймыз. Қыркүйекте бізді төрт ресми матч күтіп тұр. Қазіргі таңда құрамды мұқият саралап жатырмыз. Бұған дейін байқалған мәселелердің бірі – құрамдағы тепе-теңдіктің болмауы. Сондықтан алдағы уақытта екі бірдей деңгейдегі құрам қалыптастыру маңызды. Тәжірибелі және жас ойыншылардың үйлесімін табу – басты міндеттердің бірі.
FIFA Series турнирінің өтетінін алдын ала білген соң, федерациямен бірге күнтізбені сәйкестендірдік. Ақпанда Түркияда клубтардың оқу-жаттығу жиындары кезінде бапкерлермен және ойыншылармен кездесіп, қажетті тапсырмаларды жеткіздік. Уақыттың тығыздығына байланысты дайындықтың бір бөлігін қашықтан жүргіздік. Тактикалық тапсырмалар алдын ала түсіндірілді. Қазір сол жұмысты жалғастырып жатырмыз. Футболшылар қойылған талаптарды түсініп отыр. Жаттығу барысында бейне талдау мен теориялық сабақтарға ерекше көңіл бөлінуде.
Әрине, біз үшін бірінші орында – нәтиже. Бұл турнирге жеңіс үшін келдік. Жанкүйерлерді қуантқымыз келеді және өзімізге сенімділік жинауымыз қажет. Дегенмен, бұл жарыстың Ұлттар лигасына дайындықтың маңызды кезеңі екенін естен шығармауымыз керек. Қазір негізгі міндет – ойын байланыстарын қалпына келтіру және алаңдағы өзара түсіністікті арттыру. Дегенмен, басты мақсат – екі ойында да жеңіске жету.
Оралхан Өміртаев пен Дамир Маратқа келсек, бұл – белгілі бір позициялар бойынша қабылданған шешімдер. Орталық шабуылшы позициясында Рамазан Кәрімов пен Оралхан Өміртаевтың кандидатуралары қарастырылды. Таңдау жасау кезінде олардың ойын тәжірибесі мен нәтижелілігіне назар аударылды. Соның негізінде Оралхан Өміртаевқа тоқтадық. Ал Дамир Марат құрамға Әділет Кеңесбектің жарақатына байланысты шақырылды. Қазіргі таңда ол клубында дәрігерлердің бақылауында және қалпына келу процесінен өтіп жатыр. Бұған дейін оң қапталдағы қорғаушы позициясына бәсекелестік қалыптастыру мақсатында бірнеше ойыншы шақырылған болатын. Қазіргі жағдайды ескере отырып, құрамда белгілі бір өзгерістер енгізілді.
Дамир Марат пен Жаслан Жұмашев секілді ойыншылар соңғы матчтарда алаңға шығып, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Сол себепті Дамир Марат ұлттық құрамаға шақырту алды. Дастан Сәтпаевты жастар құрамасына қосу туралы сұраққа тоқталсам, былтыр біз осындай тәжірибеге жүгіндік. Дастанды бір матчқа жастар құрамасына қосып, жолдастық ойынның орнына ресми кездесуге қатысуына мүмкіндік бердік. Сол ойынды мұқият қарап, қорытынды жасап, терең талдау жүргіздік. Сонымен қатар басқа құрамалардың тәжірибесін де зерттедік. Алынған ақпарат негізінде Дастан Сатпаевтың ерте жаста өте жоғары деңгей көрсетіп отырғанын түсініп отырмыз. Ұлттық құрама деңгейіндегі ойындар футболшының дамуына және өсуіне көбірек мүмкіндік береді. Ал жасөспірімдер құрамасына ауыстыру ойыншының психологиясына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда біз Дастанды жасөспірімдер құрамасына түсіру нұсқасын қарастырып отырған жоқпыз. Ол тек Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде біз «Ахматтың» екі ойынына қатысып, Станислав Черчесовпен сөйлестік. Ғалымжанның қазіргі жағдайы – қалыпты. Оның көңіл-күйі жақсы, ойнауға дайын, өзін көрсетуге талпынып жүр. Жалпы ойын стиліне келсек, біз белсенді, шабуылға бағытталған футбол көрсетуге тырысамыз. Қорғаныста қалып қою – біздің мақсат емес. Команда жас, қарқыны жоғары, сондықтан алға ұмтылып, нәтижеге жұмыс істейміз», деді Талғат Байсуфинов.