Михал Билек: «Әр футболшыға талпынысы үшін алғыс айтамын»
- Ойын ФИФА кестесіне сай өтпегендіктен, бірқатар жетекші футболшылар қатарда болмады. Осы жағдайды ескере отырып, жақсы ойын өрнегін көрсеттік деп санаймын. Кейбір футболшылар Молдовамен өтетін ойынға санаулы күндер қалғанда келді. Кешігіп келгендер болды. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынында жүріп, өз клубтарының ойындарына қатысқандар болды. Мұндай жағдайда толық дайындық жүргізу мүмкін емес. Әр футболшыға талпынысы үшін алғыс айтамын. Матч алдында жігіттердің жеңіске жеткісі келетін байқадым. Үзілістен соң да ұмтылысын бәсеңдетпеді. Кейбір футболшылар ұлттық құраманың қатарында алғаш рет ойнады. Осындай қиындықтарға қарамастан, оң нәтижеге қол жеткіздік.
- Оқу-жаттығу жиынында барлық жоспар орындалды ма?
- Бес күн ішінде футболшыларға ойын философиясын жеткізу үшін жұмыс істедік. Соңғы жылдары ойнамаған жаңа футбол жүйесін енгіздік. Футболшылар менің талаптарымды орындауға тырысты. Бірнеше сәтте қарсыластың айып алаңына жақындап, соңғы сапалы пасты бере алмадық. Жеңіс маңдай термен келді деп санаймын.
- Молдова құрамасы таңғалдырды ма?
- Молдова құрамасының УЕФА Ұлттар лигасындағы ойындарын толық қарап шықтық. Алайда, кеше мүлдем басқа футболшылар алаңға шықты. Олар да ең мықты футболшыларын жиынға шақыра алмады. Посткеңестік кеңістіктің командалары арасында әрқашан тартыс бар деп есептеймін.
- Оралхан Өміртаев соққан голға баға беріп өтсеңіз?
- Оралхан – қазақстандық футболдағы талантты футболшылардың бірі. Жас әрі жылдамдығы жоғары. Бұл қасиеттер футболда жақсы бағаланады. Алайда, ол шеберлігін арттыру үшін көп еңбек етуі тиіс.
- Оқу-жаттығу жиынына 24 футболшы шақырылды. Осы футболшылардың арасынан шамамен қанша футболшы наурыз айында шақырту алмақ?
- Ойын аяқталғаннан кейін де бұл сұраққа жауап беру қиын. Жаттықтырушылар штабы Қазақстан Суперкубогын тамашалайды. «Қайрат» пен «Астана» футболшыларының ойынын іс жүзінде көреміз. Сонымен қатар, Премьер-лиганың алғашқы екі турының ойындарын стадионнан қараймыз. Ал, қалған ойындарды бейне жазба арқылы сараптаймыз.
- Қазақстандық жанкүйерлер жаңа маусым жеңіспен басталғанына қуанышты. Отандық футбол жанкүйерлеріне айтарыңыз...
- Біздің құраманың барлық жанкүйерлерінің көңіл-күй жақсы болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Қазақстанның 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде көшбасшы емес екені түсінікті. Бельгия, Шотландия және Ресей сынды үздік құрамалармен ойнаймыз. Футбол клубтары дайындық үшін өз футболшыларын жіберді. Жанкүйерлердің де бірігетін кезі келді. Әрбір қазақстандықтың қолдауы біз үшін маңызды. Алға, Қазақстан!