Темірлан Ерланов: «Халықаралық деңгейде ойын жылдамдығы өте жоғары»
- Темірлан, Шотландиямен өткен ойында алғаш рет ұлттық құраманың жейдесімен алаңға шықтыңыз. Алғашқы ойыннан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
- Қазақстан Ұлттық құрамасының намысын қорғауы – үлкен абырой! Еліміздің бас құрамасының қатарында алаңға шығып, жеңіске жеткенімізді мақтан тұтамыз. Ойынға шығар алдында аздап қобалжығаным рас. Алайда, кейін байқамадым. Жаттықтырушылар штабына алғысымды білдіремін. Әрі қарай командаға көмектескім келеді.
- Шотландиямен ойында ауыр жарақат алдыңыз. Жанкүйерлер денсаулығыңызға алаңдады. Жарақаттан қаншалықты тез айықтыңыз?
- Ойын соңына қарай Исламбек Қуат екеуміз соқтығысып қалдық. Өкінішке қарай, ауыр жарақаттан Ресеймен өткен ойынға қатыса алмадым. Жанашырлық білдірген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Жарақаттан жылдам жазылдым. Әрі қарай алға жүруге дайынмын.
- Алғашқы ойынға қатысып, екінші ойынды сырттан тамашаладыңыз... 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының алғашқы екі ойынынан қандай қорытынды шығардыңыз?
- Екі ойыннан мол тәжірибе алдым. Халықаралық деңгейде ойын жылдамдығы өте жоғары. Сол себепті осы бағытта шеберлікті арттыра түсу қажет.
- Қазақстан құрамасында қандай мақсат-міндеттерді алға қоясыз?
- Жеке шеберлігімді арттырып, кәсіби футболшы ретінде өсе беру. Бапкерлердің нұсқауын толық орындаған жөн. Финалдық кезеңге жолдама алу үшін ұлттық құрамаға қолымнан келген көмекті көрсетуге дайынмын.
- «Ордабасы» сапында ұлттық құраманың футболшылары Сергей Малый мен Дмитрий Непогодов ойнайды. Клубтағы ойын жүйесін құрамаға бірге алып келесіздер ме?
- Әрине, бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Алдағы кездесулерде сенімді ойнап, барлығы жақсы болады деп үміттенеміз.
- Сан-Марино құрамасымен ойыннан не күтесіз?
- Алдағы ойыннан жақсы ойын күтеміз.
- Ұлттық құраманың жанкүйерлеріне айтарыңыз?
- Қолдау білдірген барша жанкүйерлерге алғыс айтамын. Жанкүйерлердің қолдауы өте маңызды.