Дмитрий Непогодов: «Мен және менің отбасым үшін халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын қорғау – үлкен құрмет»

Дмитрий Непогодов: «Мен және менің отбасым үшін халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын қорғау – үлкен құрмет»

10 маусым 2019, 12:38
Қазақстан Ұлттық құрамасының қақпашысы Дмитрий Непогодов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында еліміздің бас құрамасында өткізген ойындарына баға берді.

- Дмитрий, ел құрамасындағы алғашқы ойынды Тбилисиде Грузияға қарсы өткіздіңіз. Алғашқы ойыннан алған әсеріңіз?

- Мен және менің отбасым үшін халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын қорғау – үлкен құрмет. Ойыннан соң көптеген құттықтау келіп түсті. Алайда, кездесудің нәтижесіне көңілім толмады. Әрі қарай жұмысты жалғастыру қажет.

- Келесі Молдовамен өткен жолдастық ойында Ұлттық құрамаға жаңа бапкер Михал Билек келді. Бас бапкердің ауысуы құраманың ойынына ықпал етті ме?

- Әр бапкердің футболда өз жолы бар. Михал Билек пен Станимир Стоиловтің дайындығы мен тактикасы әртүрлі. Екеуі де кәсіби маман. Алайда, футболшылар үшін дайындықта ешқандай мәселе болмауы қажет. Бапкердің алмасуы кез келген футболшының еңбек жолында бірнеше рет кездеседі. Сол себепті ойынның жаңа үлгісіне жылдам бой үйреттік.

- EURO-2020 іріктеу кезеңін Қазақстан құрамасы өз алаңында екі ойынмен бастады. Екі ойынның мазмұны мен нәтижесі  екі түрлі болды. Шотландиямен ойыннан қандай қорытынды шығаруға болады?

- Шотландиямен ойында жаттығуда жүргізген дайындықтардың барлығын көрсете алдық. Жылдам гол да біздің жасыл алаңдағы қимылымызға сенім берді. Сол себепті оң нәтижеге қол жеткіздік.

- Ресеймен ойында барлығы басқаша болды?

- Футболда ойын жүрмейтін кездер болады. Дәл сондай кездесу Ресеймен болды. Ойыншыға тайқып барып тиген соққыны қайтару қиынға түсті. Алғашқы гол солай соғылды. Екінші гол дәл үзілістің алдында қақпаға енді. Екінші голдан кейін  команданың ойыны жүрмеді. Менің де кінәм болды. Матчтың екінші бөлігінде ойынға қайта орала алмадық. Қызу қолдау білдірген жанкүйерлердің барлығына алғыс айтамын. Ресеймен ойынның нәтижесінен кешірім сұраймын.

- Іріктеуде келесі қарсылас - Сан-Марино құрамасы. Алдағы ойынға дайындық туралы не айтасыз?

- Бүгінде әлсіз құрама қалған жоқ. Сырт алаңда Андоррамен өткен ойынды еске түсіруге болады. Сол кездесу барлығына үлгі болмақ. Сан-Мариномен өтетін ойынға тыңғылықты дайындалу қажет.

- Дәстүр бойынша жанкүйерлерге айтар тілегіңіз...

- «Астана Арена» стадионында өткен соңғы екі ойында жанкүйерлер керемет қолдау көрсетті. Сан-Марино құрамасымен өтетін ойында да қызу қолдау болатынына сенім мол. Ең бастысы әдемі ойын көрсетіп, бірге жеңіске жету!

Бөлісу
Жоғары