Нағи Бақытбеков: «Қазақстан құрамасының ойындарында жанкүйерлердің саны артып, ТМД елдері арасында үшінші орынға шықтық»

Нағи Бақытбеков: «Қазақстан құрамасының ойындарында жанкүйерлердің саны артып, ТМД елдері арасында үшінші орынға шықтық»

05 шілде 2019, 09:26
Қазақстан Футбол федерациясының Маркетинг және PR қызметі департаментінің директоры Нағи Бақытбеков жанкүйерлерді тартуда заманауи маркетингтің құралдары мен PR қызметінің жұмыстарын атап өтіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Қазақстан Футбол федерациясына шоу-бизнестен келгеніңіз жасырын емес. Бұрынғы жұмыстағы тәжірибеңіз қазіргі уақытта көмектесіп жатыр ма? Футбол мен шоу-бизнес арасында сәйкестік бар ма?

- Балалық шағымнан футболды жақсы көретінмін. Қызылордада тұрып, «Қайсар» футбол клубының ойындарын үзбей қарайтынмын. Шоу-бизнесте он жылдан астам еңбек еттім. Телеарна мен шараларды ұйымдастыру қызметінде табысқа жеттім деп ойлаймын. Алайда, балалық шақтағы арманыма қайта оралып, Қазақстанда алғаш рет екі тілде футбол туралы жаңалық тарататын KazFootball.kz сайтын аштым. Сонымен қатар, «Астана» футбол клубының жетекшілігінің бастамасымен бірнеше шығармашылық жобаларды жүзеге асырдық. Клубтың әнұранын жазып, эстрада жұлдыздары және футболшылардың қатысуымен бейнеклип түсірдік. Футбол клубын танымал ету үшін әлеуметтік желілерді қолдана бастадық. Футболдан Қазақстан чемпионын марапаттау рәсімін бірнеше рет ұйымдастырдық.  

Отандық футболда барлығы бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екені белгілі. Сол себепті менің жұмысым көзден таса қалған жоқ. Қазақстан Футбол федерациясының басшылығынан шақырту алдым және оларға алғысым шексіз. Футбол мен шоу-бизнестің арасында ортақ зат көп. Ең бастысы халық еңбектің жемісін бағалайды. Ән хитке айналса, халық сені жақсы көреді. Жеңіске жетсең, құрметтейді. Менеджмент пен маркетинг заңы барлық жерде бірдей екенін түсіндім. Егер сен бір салада табысты басқарушы болсаң, онда еңбек етуде оңай болады. Менің білімім мен тәжірибем қазақстандық футбол үшін пайдалы болмақ.

- Қазақстан Футбол федерациясының ресми сайтын жаңартудың басты себебі – KazFootball.kz сайтындағы жұмыс тәжірибесі болды ғой?

- Бұрынғы сайт ескіріп, барлық талаптарға сай болмады. 2018 жылдың жазында қайта жаңарту туралы шешім қабылданды. Бұрынғы kff.kz домені қалып, сайттың дизайны жаңарды. Сонымен қатар, пайдаланушы үшін ыңғайлы болып, сайт парақшаларының жүктелу жылдамдығы артты. Сайт ұялы телефондардың нұсқаларына бейімделген. Үш тілде хабар таратамыз – қазақ, орыс және ағылшын. Біздің департамент Федерацияның ең маңызды жаңалықтарын тәулік ішінде оқырмандарға жеткізуге ұмтылады. Қазақстан Футбол федерациясының жобалары туралы мәліметтерді ресми сайттан тауып, қажетті құжаттарды жүктеп алуға болады.

- ҚФФ кейін ресми қосымшаларын іске қосты...

- ХХІ ғасыр – инновациялық технологияның дәуірі. Жылдам және қолайлы ақпарат алу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Android және iOS арқылы қосымшаларды тегін жүктеп алуға болады. Ресми сайттағы барлық жаңалықтарды оқуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда Play Market және App Store дүкендерінен 3000 астам адам жүктеп алды.

- Әлеуметтік желілерді дамыту мәселесі қалай? Өйткені, біздің уақытымызда олардың әлеуметтік маңызы зор...

- Сізбен келісемін. Қазақстан Футбол федерациясының бес әлеуметтік желісінде парақшасы бар – Instagram, Facebook, Twitter, Вконтакте және Youtube. Жанкүйерлердің басым бөлігі ақпарат алу үшін әлеуметтік желілерді қолданатынын білеміз. Сол себепті әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратамыз. Статистикаға сәйкес, біздің жанкүйерлер Instagram, Вконтакте және Youtube әлеуметтік желілерін көп қолданады, алайда ең маңызды жаңалықтар Facebook пен Twitter-де де таралады.

Әлеуметтік желілердегі оқырмандарымыз үнемі артып келеді. Мәселен, Instagram-ға 56 600 оқырман жазылған. Вконтакте – 11 821, Facebook – 2 209, Twitter – 1 560 және Youtube – 11 082. Әлеуметтік желілерде ресми сайттағы материал қайталанбай, жанкүйерлерге арналған ерекше контент ұсынылады.

- Қазақстан Футбол федерациясы БАҚ үшін қаншалықты ашық?

- Жүз пайыз барлығына ашықпыз. Баспасөз қызметі әріптестеріміздің тарапынан келген барлық сұрақтарға жауап беруге тырысады. Қазақстан Футбол федерациясы журналистер үшін жабық емес. Әрине, баспасөз қызметіне кейде сын-пікірлер болып жатады. Алайда, олардың барлығы әділ емес.  

- Түсіндіріп өтсеңіз?

- Қазақстан Ұлттық құрамасының сырт алаңда өткізген ойындарына журналистер апармайды деп шағым жасайтындар бар. Мәселен, Венгрияға 7 журналист, Андорраға 8, Латвияға 7 және Грузияға 4 журналист апардық. Анталияда Молдовамен өткен жолдастық ойынға ешкімді алған жоқпыз. Өйткені, оқу-жаттығу жиыны қысқа болды әрі ойын бейресми еді. Оқу-жаттығу жиынынан баспасөз қызметі ресми сайт арқылы жылдам хабар таратып отырды. Брюссельде өткен соңғы матчта ұлттық құраманың ойынын 6 журналист тамашалады. Олар Қазақстаннан барған жоқ. Барлығы Бельгияда жұмыс істейтін қазақстандық мамандар. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары мен танымал ақпарат агенттіктерінің тілшілері болды. Сонымен қатар, бұл шешім шығындарды тиімді жұмсау мақсатында қабылданды. Федерация еуропалық іріктеу кезеңінің қалған ойындарына журналистерге арналған пресс-тур ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырады.

- Әлеуметтік желілерде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралындағы бір спорт журналисіне Қазақстан мен Сан-Марино арасындағы ойынға аккредитация берілмегені жөнінде мәселе көтерілген болатын. Себебі неде?

- Қазақстан құрамасының барлық ойындары УЕФА талабына сәйкес өтетінін еске салған жөн. Олар ресми кездесуде барлық қызметтің жұмысын тәртіпке келтіреді. Яғни, баспасөз мәслихаты, микст және флэш-аймақтардағы жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдарына аккредитация беру процесі және жасыл алаңдағы фототілшілердің орналасуы. Осы жұмыстардың барлығы ережеге сай болуы үшін Еуропаның басты футбол органы іріктеу ойындарына өз қызметкерлерін жібереді.

БАҚ қызметкерлерінің бірі 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының Ресей және Шотландия құрамаларымен өткен іріктеу ойындарында УЕФА талаптарын бұзып, микст-аймақта футболшылармен селфи жасаған. Микст-аймақ – ойыннан кейін футболшылардан сұхбат алатын журналистердің арнайы жұмыс орны. Ол жақта суретке түсуге болмайды.

Бұл аймақ УЕФА өкілінің толық бақылауында және ереже бұзылған жағдайда хаттамаға енгізіледі. Спорт журналисі Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметінің бірнеше ескертуіне құлақ аспай, талапты бұзған. Бұл әрекет үшін УЕФА тарапынан жазбаша ескерту жасалды. Кезекті рет бұзылған ереже айыппұлға әкеліп соқтырады. Сол себепті УЕФА өкілінің талабы бойынша сол тілшіге аккредитация беруден бас тартуға міндетті болдық.

- Матчтың ресми бағдарламасы жақсы жағына қарай өзгерді… Сол туралы айтып өтсеңіз...

- Бағдарламаның форматын өзгерттік. Журналистерге арналған ресми бағдарлама А4 форматында басылып, 30-40 беттен тұрады. Ең бастысы мазмұны өзгеріп, 3-4 тың сұхбат жарияланады. Сараптамалық материалдар мен инфографика енгізілді. Ойыннан ойынға бағдарламаны жаңартып, көп ақпарат ұсынуға тырысамыз.

- Жанкүйерлермен жұмыс қалай жүргізіледі?

- 2018 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық құрамасы өз алаңында 7 матч ойнады. Стадионға жиналған жанкүйерлердің саны келесідей: Қазақстан - Әзірбайжан – 22 500 жанкүйер, Қазақстан - Грузия – 28 736, Қазақстан - Андорра – 19 854, Қазақстан - Латвия – 21 463, Қазақстан -Шотландия – 27 641, Қазақстан - Россия – 29 582, Қазақстан - Сан-Марино – 18 652. Орта көрсеткішті 24 000 жанкүйерге дейін көтере алдық. Осы көрсеткіш бойынша ТМД елдері арасында үшінші орында тұрмыз.

Сонымен қатар, Әзірбайжанмен өткен жолдастық кездесу және УЕФА Ұлттар Лигасынан бастап, билеттердің бағасын қолайлы қылдық. Ең арзан билет – 500 теңге. Ең қымбаты – 3000 теңге. 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Шотландия және Ресей құрамаларымен өткен кездесулерде билеттің бағасы 5000 теңге дейін көтерілді. Алайда, ең арзан билет 500 теңге болып қалды.

Федерация әр ойында соғыс ардагерлеріне, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін билет таратады. Жеті жасқа дейінгі балалар ұлттық құраманың ойындарын тегін тамашалай алады.

- Ұлттық құраманың ойындары алдында елордада афишалар мен баннерлер көбейеді. Стадионға жанкүйерлерді тартудың бір түрі ме?

- Әрине, ойынның жарнамасы бір ай бұрын басталады. Афиша ең алдымен ресми сайтта жарияланып, қала көшелерінде ілінеді. Жоғары оқу орындарының студенттерімен белсенді жұмыс жүргізіледі. Әр ойында қолдау көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасының жанкүйерлер тобы бар. Ойынның жарнамасы радио мен телеарна арқылы да жүргізіледі. Әлеуметтік желілер арқылы да жарнама жасалады. Әртүрлі промо-акция ұйымдастырылды.

УЕФА Ұлттар Лигасындағы Грузиямен өтетін ойын алдында Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасымен бірге, Премьер-лига клубтарының жанкүйерлерін тарту бойынша үлкен жұмыс атқардық. Еліміздің барлық өңірінен клуб жанкүйерлері елордаға жиналды.

- Керемет. Жанкүйерлермен жұмыс әрі қарай жалғаса ма? Келесі ойындарда қандай шаралар ұйымдастырылмақ?

- Ойын күні стадионның айналасында белсенділікті арттыруды көздеп отырмыз. Әртүрлі көңіл көтеру шараларын ұйымдастырып, кейтерингті жақсартуды қалаймыз. Тамақтың бағасы халық үшін қолжетімді болғаны абзал.

Ең басты мәселелердің бірі – «Астана Арена» стадионына апаратын екі ғана жол бар. Жанкүйерлер ойынға ерте келмеген жағдайда, көлік кептелісі болады. Стадионға кіру кезінде де қиындықтар туындайды. Ойынды алғашқы минуттан бастап тамашалау үшін жанкүйерлерден стадионға ерте келуін сұраймын.

- Уақытында келу –  біздің қоғамның басты мәселесі ме?

- Келісуге тура келеді. Жанкүйерлерді стадионға бір сағат бұрын жинау идеясы туындады. Алайда, толық жинау мүмкін емес. «Астана Арена» стадионы қаланың теңгерімінде, сол себепті өз басшылары бар. Ұлттық құрама ойындарында Федерация жалға алады. Сол себепті ойынды ұйымдастыру кезінде әртүрлі мәселелер туындайды. Мәселен, өткізу бекеттерінде аренаның заманауи технологиясы жоқ. Билет тексеруде қиындық тудырады. Мәселенің жолын шешуді әрі қарай қарастырамыз. Алдағы ойындар да мұндай кедергі болмауы тиіс. Жанкүйерлерден тағы да стадионға ерте келуін сұраймын.

- Қазақстан әйелдер және жастар құрамаларының ойындарына жанкүйерлер тарапынан қызығушылық бар ма?

- Қазақстан әйелдер құрамасы мен Қазақстан жастар құрамасына келетін жанкүйерлердің саны орташа. Мәселен, Қазақстан U-21 – Франция U-21 матчына 7 500 жанкүйер, Қазақстан U-21 – Люксембург U-21 матчына 4 500 жанкүйер келді. Әзірбайжанмен U-21 – 1 700, Словения жастарымен – 600.

Қазақстан әйелдер құрамасының Ресей ойынына 150 адам келсе, Павлодарда Англиямен болған кездесуге келген жанкүйерлердің саны - 6 842.

- Қазақстан әйелдер құрамасы мен Қазақстан жастар құрамасының ойындарына елордаға қарағанда, аймақтарда жанкүйерлер көп келеді ме?

- Елорда тұрғындары Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Астананың» еурокубоктағы ойындарына барады. Сол себепті әйелдер мен жастар құрамаларының ойындарына қызығушылық танытпайды. Қазақстан әйелдер құрамасы мен Қазақстан жастар құрамасының ойындарына қойылатын УЕФА талаптары аса қатал емес. Биылдан бастап осы ойындарды аймақтарда өткізу тәжірибесі қолға алынбақ. Жыл соңына дейін әйелдер мен жастар құрамасы өз алаңында екі ойыннан өткізеді. Бұл ойындардың қай қалаларда өтетіні келесі айда белгілі болмақ

Бөлісу
Жоғары