Александр Москаленко: «Жастар құрамасының сапына лайықты футболшылар ғана шақырту алады»

Александр Москаленко: «Жастар құрамасының сапына лайықты футболшылар ғана шақырту алады»

06 қыркүйек 2019, 15:57
Қазақстан U-21 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Москаленко Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Испания және Израиль құрамаларына қарсы ойынның дайындығы туралы айтып берді:

- Израиль және Испания құрамаларының ойынын қалай зерттедіңіз?

- Испания мен Израиль құрамаларының соңғы ойындарын қарап шықтық. Испания құрамасы 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының ірктеу ойындарына қалай дайындалатынын сараладық. Пиренейліктерді талдау оңай, өйткені, ойындары өте көп. Сонымен қатар, InStat Football сайтының мәліметтеріне жүгіндік.  Қазіргі уақытта қарсылас туралы ақпаратты табу қиын емес. 21 жасқа дейінгі Испания жастар құрамасының футболшылары Еуропаның мықты клубтарының намысын қорғайды. Сол себепті жұлдыздардан құралған Испания сынды құрама жайлы мәлімет жетіп артылады. Израиль аздап қиындық тудырды.

- Испандықтардың ойын үлгісін егжей-тегжейлі білемін дейсіз ғой?

- Жастар құрамасында өнер көрсететін ойыншылар жайлы ақпарат ұзақ уақыт жасырын болды. Алайда, «қызыл фурияның» ойын философиясы бірнеше жыл бойы өзгеріссіз келе жатыр. Мейлі ол ұлттық құрама болсын, мейлі 14 жасқа дейінгі құрамасы болсын, бір ойын стилін ұстанады. Ол қандай дейсіз ғой? Допқа бақылау орнату, қысқа және орта пастар, жоғары прессинг. Осының барлығы жүйеге қойылған. Сағат сияқты тұрақты жұмыс істейді.

- Испанияның жаңа құрамын көретін шығармыз...

- Өткен жылы Испания Еуропа чемпионы атанды. Сол құрамнан 1-2 футболшы қалды. Олар 1998 жылғы футболшылар. Қалғандары 1996-1997 жылғы футболшылар болатын.

- Біздің құраманың қатарында өзгерістер бола ма?

- Премьер-лигадан бастап Екінші лигаға дейінгі ойындардың барлығын саралап шықтық. Сәл өзгерістер бар. Мәселен, шабуылшы Захаренконы шақырдық. Өйткені, оның соңғы ойындарда соққан голдары – жастар құрамасына шақырту алу үшін лайықты көрсеткіш. Бір футболшы қойылған талапты орындамайтын, онда оның орнына талабы жоғары футболшы шақырылады. Құраманы жасақтауда еш құпия жоқ. Талапты төмендеткен футболшыларды құрамадан шығарамыз.

- Келе алмай қалған футболшылар бар ма?

- Ондай футболшылар жоқ. Шақырған футболшылардың барлығы оқу-жаттығу жиынына қуана келді. Керісінше, шақырту алмаған футболшылар хабарласып: «Мені не үшін шақырмадыңыз? Ел намысын қорғағым келеді» деп сұрады. Соңғы оқу-жаттығу жиындарында ойымыздағы құрам толығымен қамтылды. Жігіттер намысты қолдан бермеу үшін жандарын салуға дайын. Олар жаңа деңгейге шыққысы келеді. Оның үстіне Испания мен Израиль – өте мықты қарсыластар. Не дегенмен, Еуропа чемпионымен күнде ойнамайсың...

- Ойындарға дайындық қалай өтті?

- 1 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан қаласында жиналдық. 6 қыркүйекке дейін Футбол үйінің манежінде жаттығу өткіздік. Ойын «Астана Арена» стадионында өтеді. Осы сәтті пайдалана отыра, барша жанкүйерлер мен қала тұрғындарын жігіттерді қолдауға шақырамын. Испания да, Израиль де – салмақты қарсыластар. Қазақстан жастар құрамасы өз алаңында емін-еркін ойнау үшін жанкүйерлердің қолдауын сезінуі керек. Команда өз кезегінде жақсы нәтижемен қуантуға тырысады.

- Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан жастар құрамасының алдында қандай мақсаттар тұр?

- Басты мақсатты бұған дейін де айттық: оң нәтиже болғанын қалаймыз. Алайда, Испания мен Израиль құрамаларының деңгейі жоғары екенін түсінген абзал. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жастар құрамасының топтан шыққанын барлығымыз армандаймыз. Көңілге қаяу түсіретін жәйт – біздің ойыншылардың халықаралық аренадағы тәжірибесі аз. Тіпті Премьер-лига ойындарында да жасыл алаңға сирек шығады. Бірақ соған қарамастан, футболшыларымның соңына дейін айқасатыны анық.

- Испания жастары – Әлем және Еуропа чемпионы екенін айттық. Оларға қарсы ойын тактикасы өзгере ме?

- Соңғы Еуропа Чемпионатында оларға бірде-бір құрама қарсы тұра алмады. Финалда Германия футболшылары қарсылық көрсеткендей болды, алайда ашық футбол ойнап, соңында жеңіліп қалды. Испания футболшылары Франция, Польша және Германия құрамаларын айқын басымдықпен ұтты. Тек топтық кезеңде Италия футболшыларына 1:3 есебімен жол берді. Біз үшін ең маңыздысы – жоғары деңгейде ойын көрсету. Бастысы – ұйымшылдық пен салқынқандылық таныту.

Бөлісу
Жоғары