Ран Бен-Шимон: «Никосияда өткен алғашқы ойынмен салыстырғанда, бірнеше өзгерту енгіземіз»

Ран Бен-Шимон: «Никосияда өткен алғашқы ойынмен салыстырғанда, бірнеше өзгерту енгіземіз»

10 қазан 2019, 00:02
Кипр құрамасының бас бапкері Ран Бен-Шимон ойын алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына жауап берді.

- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің көп ойыны аяқталды. Сол себепті қарсыластардан тосынсый күтпейміз. Қазақстанмен өтетін ойын қиынға түспек. Қазақстан құрамасы өз алаңында жақсы ойнайды. Кипрде өткен алғашқы ойынмен салыстырғанда, бірнеше өзгерту енгіземіз. Ертеңгі ойын басқаша болмақ.

- Кипр құрамасы алғаш рет Қазақстанда ойнайды. Осы уақытқа дейін кипрлік командалардың Қазақстанда жолы болмады. Ертеңгі ойын екі құрамаға да маңызды ма?

- Әрине, өткен ойындарды есте ұстау керек. Сырт алаңда ойнаймыз. Алайда, алға қойған мақсатымыздан тайсанбаймыз. Ұлттық құрама мен клубтарды салыстырудың қажеті шамалы. Қазақстан мен Кипр құрамаларының деңгейі бірдей. Әр ойын маңызды.

- Ойынның сіздің қызметіңіз үшін маңыздылығы қандай? Әрі қарай жалғастыруға кедергі болмай ма?

- Бұл туралы ойламауға тырысамын. Менің жұмысым команданың ойынын жақсарту. Осы бағытта жұмысты жалғастырамын. Ойын сапасын арттыру және жас футболшыларды іздеу.

Бөлісу
Жоғары