Михал Билек: «Топтағы үшінші орынды сақтап қалуды қалаймыз»

Михал Билек: «Топтағы үшінші орынды сақтап қалуды қалаймыз»

09 қазан 2019, 21:10
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек Кипрмен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Хижниченко мен Зайнутдинов бабына ене қоймаған шығар. Ал, жақсы ойнап жүрген Роман Муртазаев неге шақырылмады?

- Ұлттық құрама мен «Астананың» ойын жүйесі әртүрлі. Роман қазір бабында емес, сонымен қатар, біздің ойын жүйемізге келмейді. Үш орталық қорғаушы және қапталдағы екі ойыншы. Щеткин мен Айымбетов жарақат алып қалды. Олардың орнына Сергей Хижниченконы шақырдық. «Астананың» сапында соңғы үш ойынды жақсы өткізді. Оның ойын мәнері Алексей Щеткинге ұқсас. Сол себепті футболшыға таңдау түсті. Зайнутдинов үнемі үміт артатын футболшымыз. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Ресей чемпионатының соңғы екі матчына қатысып, гол соқты әрі жақсы ойнады.

- Думан Нәрзілдаев ұлттық құрамаға шақырту алуға лайық па?

- Ол кеңейтілген тізімге енді. Қазақстан Кубогының финалында шешуші голды соғып, көзге түсті. Әрі қарай жұмысты жалғастыруы тиіс. Өйткені, оның позициясында бәсекелестік жоғары.

- Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінің барлық ойынында қорғаныс арқылы ойнады. Ертең бірінші нөмірмен ойнайды ма?

- Келіспеймін. Шотландиямен ойында шабуылда ойнап, үш гол соқтық. Жеңіске жеттік. Әрқашан ұтуды қалаймыз. Үш ұпай алып, топтағы үшінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік бар.

- 2008 жылғы іріктеу кезеңінің нәтижесін қайталай аламыз ба? Қазақстан құрамасы 10 ұпай жинаған еді.  

- Өткен нәтижелерге қарамай, нақты ойынға дайындаламыз. Үш ұпайды үйде қалдыру қажет екенін айттым. Алдағы төрт турдан көбірек ұпай жинағымыз келеді.

Бөлісу
Жоғары