Азамат Айтқожин: «Қазақстан футбол федерациясының инфрақұрылымға қатысты позициясы айқын»
- Азамат Серікұлы, футбол жанашырлары Премьер-лиганың алғашқы ойындарын Қазақстандағы кейбір ареналарда өткізу мүмкін емес екенін айтып жатыр. Осы мәселені шешу үшін аймақта қандай жұмыстар атқарылуда?
- Мұндай мәселенің бар екені жасырын емес. Былтыр қараша айында өткен Қазақстан футбол федерациясының Конференциясында кәсіпқой футболдағы инфрақұрылымның есебін баяндадым. Соңғы бес жылда стадиондардың инфрақұрылымы мен жасыл алаңдардың сапасын жақсарту үшін көп күш жұмсалды. Сол жиында Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Теміртау қалаларының негізгі ареналары мен Талдықорған қаласының қосалқы стадионының газондарын ауыстыру қажет екенін айттым. Бұл мәселеге қатысты Қазақстан футбол федерациясының позициясы айқын. Инфрақұрылым мен жасыл алаңның сапасы жақсарылады. Олай болмаған жағдайда стадиондар келесі маусымның ойындарын қабылдай алмайды. Бұл шешім жемісін бере бастады.
- Жөндеу жұмыстары қай қалаларда басталады?
- «Астана Арена» стадионына келсек, 29 қаңтар күні мердігер компаниямен жамылғы ауыстыру және автоматты суару жүйесін қондыру жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Келісімге сәйкес, жөндеу жұмыстары 120 күнге созылады және маусым айында аяқталуы тиіс.
Қарағандының «Шахтер» стадионына қатысты жағдайға алаңдаушылық білдіріп жатқандар көп. Бірнеше маусым бойы команда ойындарын өзге ареналарда бастап жүр. Бұл түйткіл де шешімін таппақ. 28 қаңтар күні «Шахтер» стадионының алаңын толықтай жаңарту жөнінде келісімшарт жасалды. Жасыл алаңды алмастырып, оны жылытатын жүйесі бар қондырғы орнатылмақ. Сонымен қатар, негізгі стадионның қосалқы алаңында да газон ауыстырылады. Бұл стадионда «Шахтер» футбол клубының футбол орталықтарының тәрбиеленушілері жаттығады. Теміртау қаласындағы «Металлург» стадионын қайта жөндеуден өткізіп, жамылғысын ауыстыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.
Өткен маусым аяқталысымен Павлодар қаласының Орталық стадионында жасанды алаңды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Өңірдің бас командасы жаңа маусымды өз стадионында бастайды.
Өкінішке қарай, қызылжарлық жанкүйерлер Премьер-лигаға қайта оралған «Қызыл-Жар СК» командасының маусым басындағы ойындарын өз алаңында тамашалай алмайды. Петропавл қаласының стадионының алаңында көптеген ақау бар және онда футболшыларға ойнау өте қауіпті.
Жақын арада «Қарасай» стадионында жасанды алаңды қалыпқа келтіру жұмыстары басталады. Ал, Көкшетауда облыс әкімі солтүстік аймақтарға аса қажет жасыл алаңды жылыту қондырғысын орнатуды тапсырды.
«Жетісу» футбол клубы жыл сайын маусымды қосалқы алаңда бастайды. Табиғи алаңы бар Талдықорған қаласының бас аренасы көктемнің ерте ойындарын қабылдауға дайын емес. Қосалқы алаңның да мәселелері бар. Жасыл алаңдарды жарысқа қатыстыруға рұқсат беретін арнайы комиссия кеңестерін жеткізді. «Жетісу» командасы негізгі стадионға көшкеннен кейін, қосалқы алаңның газонын жаңарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар, жанкүйерлерге арналған орындардың санын екі мыңға дейін ұлғайтады.
Қазіргі таңда Премьер-лиганың ойындарын қабылдауға Шымкент, Тараз, Қостанай (жабық манеж), Алматы, Павлодар және Қызылорда қалаларының ареналары дайын. Ақтау қаласындағы «Жас Қанат» стадионының жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Киім ауыстыру бөлмесі кеңейтіліп, БАҚ өкілдеріне арналған орын бөлінді. Сонымен қатар, ПФЛК-ТВ интернет жобасының камераларына арналған платформа болады. Көкшетау қаласының «Оқжетпес» стадионының жетекшілігі алаңды 15 наурызға дейін әзірлеуге кепілдік берді.
- Футбол инфрақұрылымының нысандарын жинайтын онлайн-картаны құру жөнінде де бірнеше рет айтылды. Онда еліміздің барлық аймағында орналасқан кез келген футбол стадионының жағдайы туралы толық ақпаратты білуге болады. Қазіргі таңда жоба қай деңгейде?
- Еліміздің барлық өңірінің жергілікті атқарушы органдарынан әр елді мекендегі футбол нысандары жөнінде ақпаратты алдық. Қазіргі уақытта базаға еліміз бойынша 193 стадион, 4584 алаң және 63 манеж енгізілген. Мәліметтер әлі де толықтырылады. Картаны Қазақстан футбол федерациясының сайтынан қарауға болады. Әзірге тест режимінде жұмыс жасап тұр. Жылдың ортасына қарай жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Футбол жанашырларын ортақ іске атсалысуға шақырғым келеді. Картаны әзірлеуде әрбір жан өз үлесін қоса алады. Ол үшін өз өңіріңіздегі футбол нысанының мәліметтері мен суреттерін жіберу қажет.
- Өткен аптада футзалдан Қазақстан құрамасы үшінші рет әлем чемпионатына шықты. Мұндай жетістікті күттіңіздер ме?
- Ең алдымен, бұл жанкүйерлердің, клубтардың, ойыншылардың, бапкерлердің және футзал департаментінің жұмысының жемісі деп айтқым келеді. Ел чемпионатының бәсекесі артып, жаңа командалар пайда бола бастады. Қазақстанның батыс өңірінде спорттың бұл түріне жақсы бейімделген және трибуналары лық толы. Жас таланттар да пайда бола бастады. Әрине, көп жерде шетелден шақырылған ойыншылар туралы айту қалыптасқан. Алайда, Сүлейменов, Нұрғожин, Тұрсағұлов, Есенаманов, Ақбалықов, Оразов және басқа да ойыншылар ұлттық құрамада ойып тұрып орын алады. Ел чемпионатының деңгейі көтеріліп, ұлттық құрамаға үміткерлердің саны да арта түсті. Литвада өтетін әлем чемпионатына халықаралық ойындар арқылы жақсы дайындық жүргіземіз деп үміттенемін.
- Наурыз айының соңында Алматы қаласында футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Литва және Армениямен екі жолдастық матч өткізеді. Алдағы ойындар туралы не ойлайсыз? Жоспар қандай?
- Бірнеше уақыт бойы ұлттық құраманың халықаралық ойындарын Алматының Орталық стадионында өткізу жөнінде ұсыныстарды естідік. Оңтүстік астана жанкүйерлері үшін ұлттық құраманың ойындары аса маңызды. Алдағы ойындарда стадиондарда аншлаг болады деп санаймын. Ең бастысы әдемі ойын көрсетіп, күзде өтетін УЕФА Ұлттар лигасының ойындарына дайындық жүргізу. Қарсыластар да қарапайым емес. Михал Билек бастаған команда оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін. 31 мамыр мен 8 маусым аралығында да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Оның аясында жолдастық ойындар өтеді. Қазіргі таңда қарсыластармен келіссөздер жүргізілуде.