Олжабек Андарбаев – 70 жаста!

Олжабек Андарбаев – 70 жаста!

29 мамыр 2020, 14:00
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олжабек Андарбаев 70 жасқа толды.

Олжабек Андарбаев елу жылға жуық еңбек тәжірибесін студенттер спорты, қазақ футболы мен футзалына бөлді.

1973-1991 жылдары аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының дене тәрбиесі кафедрасында қызмет етті.

1991 жылдан бастап әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық Университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасында қызмет атқарды.

1993 жылы Олжабек Андарбаев басқарған Қазақстан Ұлттық Университетінің құрамасы Орта Азия елдері арасындағы универсиадада топ жарды. 1993, 1994, 1996, 1998 және 2001 жылдары оның командасы Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасындағы жарыстардың үздігі болды. 1998 жылы «Sport & KS» газетінің кубогын жеңіп алды.

Олжабек Андарбаев - отандық футзалдың негізін қалаушылардың бірі. Футзалдан ел чемпионатында Қазақстан футбол федерациясының инспекторы болып еңбек етті.

Мини-футболдан әртүрлі уақытта Қазақстан Чемпионатына қатысқан алматылық «Қадам», «Сонар», «Кеден» және «Әліби» командаларын жаттықтырды. 1996 және 1997 жылдары Олжабек Андарбаев жаттықтырған «Сонар» командасы ел чемпионатында жеңіске жетті. 1998 жылы Орта Азия елдерінің чемпиондары кубогында топ жарды. «Әліби» командасымен 2000 және 2001 жылдары Қазақстан Чемпионатының алтын жүлдесін иеленді.

1998 жылы Португалияда өткен футзалдан студенттер арасында Қазақстан құрамасын дайындауға үлес қосты. 1999 жылы Малайзияда және 2000 жылы Таиландта өткен құрлық біріншілігінде ел құрамасының жүлделі орыннан көрінуіне көп септігін тигізді.

2000 жылы Гватемалада өткен Әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері болды. Халықаралық деңгейдегі 5 спорт шебері мен Қазақстан Республикасының 12 спорт шеберін  тәрбиеледі.

ФИФА-ның білім беру семинарларына бірнеше рет қатысып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды.

2003 жылы қазақ тілінде «Футбол ойынының ережесі» және «Футболшылардың дене даярлығы» аттты әдістемелік оқу құралдарын басып шығарды.

2001 жылы Олжабек Андарбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері атағымен марапатталды.

Мерейтойыңмен, Олжабек Самиғоллаұлы!

Зор денсаулық, мол табыс және аман-саулық тілейміз!

Қазақстан футбол федерациясының ұжымы

Бөлісу
Жоғары