УЕФА стадионға жанкүйерлерді қайтару мәселесін қарастыруда

УЕФА стадионға жанкүйерлерді қайтару мәселесін қарастыруда

20 тамыз 2020, 09:30
УЕФА басшылығы мен Еуропалық ұлттық қауымдастықтарының бас хатшылары кезекті кездесуін өткізді. 

Жиынға Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының президенті Александр Чеферин, Жарыстарды ұйымдастыру департаментінің директоры Джорджио Марчетти және Ұлттық қауымдастықтар департаментінің директоры Зоран Лакович қатысты. 

Видеоконференция форматында өткен кездесуде Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин да болды. 

Күн тәртібіндегі басты мәселе денсаулықты сақтап,  ресми органдармен бірлесіп жанкүйерлерді стадионға кезең-кезеңімен қайтару болды.

Жиналысқа қатысушылар жанкүйерлерді стадиондарға қайтарып, олардың денсаулығын сақтау үшін санитариялық-гигиеналық нормалар мен медициналық хаттамаларды қатаң сақтауды қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

УЕФА Ұлттар Лигасының жақын арадағы ойындарына жанкүйерлерді шақырту тым асығыс шешім болмақ. Сол себепті алдағы ойындар сынақ ретінде өтеді. 

УЕФА Суперкубок ойынын жанкүйерлер стадионнан тамашалай алады. Көрермендер санына шектеу қойылмақ. 

Суперкубок 2020 жылдың 24 қыркүйегінде Венгрия астанасы Будапештте өтеді. 

Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық құрамалар ойыншыларының ойыннан соң карантинде қалып қою қаупін талқылады. 

УЕФА еуропалық ұлттық қауымдастықтардан ұлттық құраманың ойыншыларын осындай жағдайдан босату үшін үкіметке өтініш жасауды сұрады. Бірнеше елдер арнайы дәліз құру үлгісін қолға алды. 

УЕФА қабылдаған шараларға сәйкес, ойыншылардың қауымдастықтан шығуына жол берілмей, үнемі тексеруден өтіп тұруы қажет. 

Сонымен қатар, УЕФА мұндай талаптарды орындау мүмкін болмаса, ойынның бейтарап алаңда өтуі ықтимал екенін жоққа шығармайды. 

Алдағы күндері талқылау нәтижелерін УЕФА Атқарушы комитеті қарап, ресми шешім шығарады.

Бөлісу
Жоғары