Видео: Ерекше балаларға арналған алаң
Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы мен Қазақстан футбол федерациясы № 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылымына енген футбол алаңының құрылысын аяқтады.
Мекеме Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайды.
Біздің елімізде бұл жоба осымен екінші рет жүзеге асырылып отыр.
2018 жылы УЕФА мен ҚФФ Алматы қаласындағы №2 арнайы мектеп интернатының спорт алаңын салған болатын.
Ерекше балаларға арналған футбол алаңдарының құрылысы «Football and Social Responsibility» бағдарламасы бойынша салынды. Бұл УЕФА-ның жаһандық «HatTrick» жобасына енеді.
Жобаның мақсаты - мұқтаж балаларға қолдау көрсету.
Жаңа алаңның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚФФ құрама командалар департаментінің директоры Қайрат Нұрдәулетов, Түркістан облысының Төле би ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Түркістан облысының Төле би ауданының Тасарық ауылдық округінің әкімі Бақытбек Алтынбеков, Түркістан облысының әлеуметтік бағдарламалармен қамтамасыз ету және үйлестіру басқармасының № 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Ләззат Есназарова қатысты.
Спорт нысанын қабылдаған мекеме УЕФА мен ҚФФ жетекшілеріне алғыстарын білдірді. Орталықтың тәрбиеленушілері жаңа алаңды сынақтан өткізіп те үлгерді.
Ашылу салтанаты мен шараға қатысушылардың сұхбаттары төмендегі бейнематериалда көрсетілген.