Жағажай футболының қола жүлдегерлері
Турнир тарихында алғаш рет үшінші орынды Шымкент қаласының №17 спорт мектебінің командасы жеңіп алды.
Қазақстан құрамасында ойнаған Игорь Скударнов жаттықтыратын команданың ойыны мамандардың назарын аудартты.
Екі айналымнан тұратын жарыстар «Сайрам» спорт кешенінің алаңында өтті.
Қола жүлдегерлерді марапаттау рәсімі «Қыран» кәсіби футбол клубы штабының акт залында өтті.
Марапаттарды Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің оқу-әдістемелік жұмыс және жоғары спорттық жетістіктер бөлімінің басшысы Шоқан Әбдіхалықов пен ҚФФ бұқаралық, жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директоры Ерлан Жамантаев табыстады.
Шымкенттік команданың ойыншылары жекелей номинация бойынша да көзге түсті.
Қазақстан чемпионатының үздік қорғаушысы №17 спорт мектебінің ойыншысы Ирисмат Турсуметов атанды.
Шымкенттік команда ұлттық чемпионаттың қоласымен бірге Еуропа Чемпиондары Кубогына қатысу құқығын жеңіп алды.
- Жағажай футболының танымалдығы күн санап артып келеді. Бұл спорт түрі қаламызда жаңа деңгейге көтерілді. Шымкенттің командалары өткен жылдардағы ұлттық чемпионатқа қатысқан. Қаламызда үш арнайы алаң салынды. Оның ішінде екі арена №17 спорт мектебінің құрылымына енеді. Халықаралық аренадағы жұмыстарды да қолға ала бастадық. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен, инвесторлармен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін оларға алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына алғысымды білдіремін. Келесі маусым қарсаңында құрамды нығайтып, тұрақты оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, жанкүйерлерімізді тағы да лайықты нәтижемен қуантуды жоспарлап отырмыз, - деді Шымкент қаласының №17 спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменов.
- Қазіргі ұлттық чемпионат жоғары қарқыны мен толассыз тартысымен есте қалды. Ойындардың барлығы ерекше тәртіппен өтті. Еңбекқорлығы және жоғары белсенділігімен көзге түскендер жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Кәсіби тәжірибесі бар ойыншылар да жетістікке үлкен үлес қосты. Олардың ішінде шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы қорғаушысы, ал қазір №17 спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Олег Сабиров айтғуа болады. Қалалық деңгейде үлкен қолдау мен жоғары қызығушылық тапқанымызға қуаныштымыз. Келесі маусымда бізге артылған сенімді ақтауға тырысамыз, - деді Шымкент қаласының №17 спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Игорь Скударнов.
Фото: Азамат Кенжеғұлов