ҚФФ Техникалық орталығының жұмысы қашықтан атқарылып келеді

ҚФФ Техникалық орталығының жұмысы қашықтан атқарылып келеді

14 қаңтар 2021, 14:30
«A Elite Youth» санатындағы бапкерлерге арналған сертификацияның соңғы модулі аяқталды.

Білім беру бағдарламасын Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының оқытушылары мен тәлімгерлері жүргізді.

УЕФА-ның «A Elite Youth» лицензиясы резерв мектептерінің жоғары жас категориясының тәрбиеленушілерін жаттықтыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда бұл кәсіби футбол клубтарының құрамына кіретін футбол орталықтары мен академиялары.

Он сегіз модульден тұратын «A Elite Youth» курсының соңында үміткерлер емтихан тапсырады.

Білім беру бағдарламасы УЕФА конвенциясының ережелеріне сәйкес құрылған.

«Ең алдымен «A Elite Youth» курсының соңғы модулі тақырыптық презентацияларға арналды. Қатысушылар алған білімдерін мектептерде қолдану жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, теориялық бөлім соңына қорытынды сынақ өтті.  Мәселен, фитнес, әдістеме және оқу-тәрбие процесінің кезеңддері. Қорытынды емтихан наурыз айына жоспарланған.

Пандемия оқу процесін ұйымдастыруға түзетулер енгізді. Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының жұмысына да әсер етті. Санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, біз қашықтан оқытуға көштік. Біз қабылдаған әдістеме құзырлы мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкес келіп, УЕФА тарапынан да қолдау тапты.

Қазақстан футбол федерациясы Еуропада алғашқылардың бірі болып жаттықтырушыларды оқытуды қайта бастағанын атап өткен жөн. Жаңа ортада оқытуды ұйымдастыру жөніндегі ҚФФ бастамаларын УЕФА Техникалық даму департаментінің басшысы Франк Людорф жоғары бағалады. «A Elite Youth» бағдарламасымен қатар «С», «PRO» және «Goalkeeper-B» кәсіби категориялары бойынша да инновациялық бағытта жұмысты жалғастырдық.

Қазіргі таңда қолданылатын әдістемелерге толығырақ тоқталатын болсақ, негізгі компонент – интерактивке баса назар аудару. Кері байланыс арқылы тыңдаушыларды барынша тарту туралы айтып отырмыз. Бұл арқылы тыңдаушылармен жеке қарым-қатынас орнатуға ұмтыламыз. Осы мақсатта ҚФФ Техникалық орталығының барлық оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Қазір жаттығу шағын топтар арасында өтеді. Олардың әрқайсысын арнайы тәлімгерлер қадағалайды. Соңғысына ең тәжірибелі әрі жақсы мамандар кіреді.

УЕФА мен жетекші еуропалық ұлттық федерациялардың мамандандырылған сарапшыларының ұсыныстарының оқу үдерісін ұйымдастыру жолында пайдасы зор болды. Қазақстанда және Еуропада танымал УЕФА нұсқаушысы Геннадий Скуртул үлкен үлес қосты. Біз қабылдаған қадамдарды ҚФФ басшылығы үнемі бақылап отырады. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан идеялар мен жобалар болашақта өзектілігін жоғалтпайтыны анық. Болашақта дәстүрлі жаттығуларды да, қазіргі кезеңде қолданылатын әдістерді де пайдалануды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының директоры Қуаныш Бақытбеков.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары