Футзалдан Қазақстан құрамасының Өзбекстанға қарсы ойындарына билеттер сатыла бастады

Футзалдан Қазақстан құрамасының Өзбекстанға қарсы ойындарына билеттер сатыла бастады

29 қараша 2021, 11:06
Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасындағы жолдастық матчтарға билеттердің онлайн сатылымға шыққанын хабарлайды.

Еуро-2022 чемпионатына дайындық аясында Рикардо Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Өзбекстанмен екі жолдастық матч өткізеді. Қос кездесуде Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 14 және 15 желтоқсан күндері өтеді. Ойындар елорда уақытымен 19:00-де басталады. 

Билет құны әр ойынға - 1000 және 2000 теңге. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін! Билеттерді тек zakazbiletov.kz сайтында онлайн сатып алуға болады. Арена кассаларында билеттер сатылмайды.

Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына жиналатын жанкүйерлердің саны 50 пайыздан аспайды. Әр ойынға сатылымға шыққан билеттердің саны – 1300. 

Стадионға кіру ASHYQ қосымшасының «жасыл белгісімен», сондай-ақ барлық санитариялық нормаларды (маска және әлеуметтік қашықтық) сақтай отырып жүзеге асырылады.

Қазақстан құрамасының барлық жанкүйерлерін Өзбекстанға қарсы матчтарда командамызды қолдауға шақырамыз. Алға, Қазақстан!

Бөлісу
Жоғары