Рикардо Кака: «Біздің жігіттердің жеңіске деген жігері ұнады»

Рикардо Кака: «Біздің жігіттердің жеңіске деген жігері ұнады»

25 қаңтар 2022, 06:41
Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2022 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі Финляндиямен өткен ойынның қорытындысы туралы пікір қалдырды.

 - Ұлттық құраманың тізгінін ұстағалы бері мерейтойлы отызыншы ойынды өткізіп отырсыз. Финляндиямен ойында қандай жұмыстар атқарылды және қандай қиындықтырға тап болдыңыз?

- 30 ойын. Өте қуаныштымын. Әлі де бұл көрсеткішті арттырармын деп үміттенемін. Тек ұлттық құрама үшін емес, Қазақстан футзалының дамуы үшін еңбек етемін. Ойынға келсек, Финляндия құрамасы допсыз ойнап, қауіп төндіретін команда екенін айтып өттім. Қорғаныстары мығым, ойыншыларының аяқтары ұзын. Бірінші голды соның салдарынан өткізіп алдық. Менің командамның ешқандай қиындықтарға қарамастан жеңіске деген жігері ұнады. Таңертең Шыңғыс Есенамановтың ойынға қатыспайтыны туралы мәлімет алдық. Ойын барысында екі рет ұтылып жаттық. Алайда, сол қиындықтарды еңсеріп, соңына дейін шыдадық. 

- Игитаның қатарынан үшінші Еуропа чемпионатындағы соққан голы өте қуанышты жаңалық. Оның голы бүгінгі ойындағы ең шешуші сәт деп айтуға болады ма?

- Ойынның ең басты шешуші сәті деп ойлаймын. Игитаның голы таразы басын теңестірді. Капитанның голын барлығы күткені анық. Есеп тең болғанымен, моральдық жағынан алға шыққандай болдық. Игита да команда сияқты матч сайын ойынын жақсарта түседі. Алдағы кездесулерді сапалы әрі сенімді өткіземіз деп үміттенемін. Келесі матчта ойын деңгейін тағы бір сатыға көтереміз деген ниет бар. 

- Альберт Ақбалықовтың жоқтығына байланысты алдыңғы шепте Дәурен Тұрсағұлов және Азат Валиуллин ойнады. Олардың ойынына қандай баға бересіз? Сонымен қатар, қорғаушы Арнольд Кнаудтың да шабуылшы міндетін атқарғанын байқадық. 

- Бүгінгі матчта қарсыластың айып алаңында жақсы ашылып ойнайтын шабуылшы қажет болды. Бірінші таймда Дәурен Тұрсағұлов жақсы қырынан танылса, Азат Валиуллиннің ойыны жүрмеді. Сол себепті Арнольд Кнаубты алға қойып, допты қабылдауын талап еттім. Бұл қалған ойыншылардың дем алуына мүмкіндік жасайды. Екінші таймда Азат ойынға жақсы араласып, допты ұстай алды. Ол алғашқы ойынға қарағанда жақсы ойнады. Келесі кездесуде де жақсы ойын көрсетеді деп үміттенемін. 

- Италия мен Финляндия құрамалары тең ойнады. Келесі қарсылас туралы тоқталып өтсеңіз?

- Италия құрамасы – шебер ойыншылардан жасақталған ұжым. Олардың құрамасындағы ойыншылар жеке шеберліктеріне сүйенеді. Командалық ойыннан гөрі қарсыласты алдап өткенді жақсы көреді. Италияның ойыны – импровизация. Сол себепті кез келген жағдайға дайын болу шарт. Олар екі ойын қатарынан тәуекелге барды. 

Бөлісу
Жоғары