Сәт сапар, жігіттер!

Сәт сапар, жігіттер!

17 қаңтар 2022, 13:12
Қазақстан футзал құрамасы бүгін Нидерланд елін бетке алды. Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл – Амстердам бағытында жүріп, EURO-2022 додасы өтетін елге табан тіремек. 

Қарт құрлықтың біріншілігінде Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсететін болады. Онда Еуропаның екі дүркін чемпионы Италия, Словения және Финляндия құрамалары бар. Топтағы бірінші орынға Қазақстан құрамасы дәл осы Италия командасымен бірге таласатын секілді. Біздің топтың матчтар Гронинген қаласында ойналады. Топтық кезеңнің матчтары 20-28 қаңтар күндері өтеді. Ширекфиналға әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар ғана шығады. 

EURO-2022 додасы 19 қаңтар күні Нидерланд – Португалия матчымен басталады. Ал ертесіне Қазақстан құрамасы Словениямен күш сынасып, додадағы алғашқы матчын өткізеді. Араға 4 күн салып, яғни 24 қаңтар күні құрамамыз Финляндия командасымен кездеседі. 28 қаңтар күні Рикардо Кака шәкірттері италиялықтармен ойнайды. Осы матч көп сауалдың түйінін тарқатады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Одан кейін 2018 жылы Словенияда өткен дүбірлі додада үшінші орын үшін таласта Ресей құрамасына жеңіліп қалған еді. Енді бұл жолы қай орынға табан тірер екенбіз?

Бөлісу
Жоғары