Қайрат Нұрдәулетов: «Жиынға шақырылған футболшылардың жаттығуға деген ынта-жігерлері тасып тұр»

Қайрат Нұрдәулетов: «Жиынға шақырылған футболшылардың жаттығуға деген ынта-жігерлері тасып тұр»

23 желтоқсан 2021, 21:45
Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетов елордада өтіп жатқан селекциялық оқу-жаттығу жиынының мақсаты туралы айтып берді. 

- Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаттарының бірі 2002-2003 жылғы футболшылардың деңгейлерін байқау. Өйткені осы ойыншылар жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің келесі кезеңіне қатысады. Осы уақытқа дейін олардың деңгейін ойындардан қарап, бапкерлерінің кеңестеріне құлақ түрдік. Енді селекциялық жиында ойышылардың шеберліктері мен тактикалық дайындықтарын сынап көруге мүмкіндік бар. Жиынға шақырылған футболшылардың жаттығуға деген ынта-жігерлері тасып тұр. Жаттықтырушылар штабының тапсырмаларын бұлжытпай орындауға ұмтылады. Жиын қорытындысы бойынша талдау жұмыстарын жүргіземіз. 

- 2023 жылғы жастар Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің үш ойыны қалды. Осы футболшылар сол ойындарға шақырту алуы мүмкін бе?

- Әрине, бұл жастағы футболшылар COVID-19 пандемиясына байланысты жасөспірімдер арасындағы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирлеріне қатыспады. Жігіттердің осал тұсы – халықаралық тәжірибенің жетіспеуі. Іріктеу кезеңінің қалған ойындарына осы футболшылардың арасынан көзге түскендерін қосқымыз келеді. Біздің алға қойған талаптарды үйрене берсін деген оймен ойыншыларды осы жиынға шақырған болатынбыз. Маусым соңы болған соң оқу-жаттығу жиынында физикалық жаттығуларға емес, тактикалық жаттығуларды жүргіздік. Ең бастысы – танысу, шеберліктерін байқау, өздерінің дайындықтарына деген көзқарастарын өзгерту.  

Бөлісу
Жоғары