Конференция жылдың қорытындысын шығарды

Конференция жылдың қорытындысын шығарды

10 желтоқсан 2021, 13:20
Бүгін Қазақстан футбол федерациясы 2021 жылдың қорытындысын жасап, арнайы конференция ұйымдастырды.

Жиынға өңірдегі футбол федерациялардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер қатарына еліміздегі футболдың аяқ алысы мен даму мәселесі кірді. Алқалы отырыстың басында УЕФА Ұлттық қауымдастықтарды дамыту департаментінің басшысы Йозеф Климент сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан футболының дұрыс жолда дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Одан кейін Әділбек Жақсыбеков 2021 жылы Қазақстан футбол федерациясы атқарған жұмыстарды сараптап, есеп берді.

«Мемлекет басшылығының футболдың бұқаралық сипат алуы жайлы тапсырмасы орындалды. Қазақстанда осы күні 600 мың бала футболмен айналысады. Осындай нәтижеміз үшін ФИФА қола статусын берді. Ал «Футбол сабағы» жобасы кең өріс алып, қазір еліміздің 844 мектебінде 500 мыңға жуық бала футбол әліппесін оқып жатыр. Сонымен қатар, 3368 мұғалім сертификациядан өтіп D бапкерлік санатына ие болды», деді Ә.Жақсыбеков.

Өңірлік федерациялар басшылығы атқарылған жұмыстың барлығы қойылған мақсат бойынша әрі талаптарға сай орындалғанын растап бір ауыздан дауыс берді.

Бөлісу
Жоғары