Андрей Карпович: «Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін»

Андрей Карпович: «Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін»

23 наурыз 2022, 18:40
Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Молдоваға қарсы өтетін матч алдында баспасөз мәслихатын өткізді:

- Алдағы ойын бізге үлкен сынақ болғалы тұр. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, "С" лигасында қалғымыз келеді. Команда сапында екі ойыншы алаңға шыға алмайды. Ол жарақат алған Ян Вораговский мен қызыл қағаз алған Исламбек Қуат. Қалған жігіттер ойынға тас-түйін дайын. 

- Сіз әзірге бас бапкердің міндетін атқарушысыз. Бұл сонгда сынақ мерзімі секілді ме?

- Қазақстанда туып-өскендіктен, осы елдің басты командасының бас бапкері атану мен үшін үлкен мәртебе және сынақ болып саналады. Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін. Спортшы және команданың мүшесі ретінде әр матчта жеңіске жеткім келеді. Бұл спорттағы басты қағида болып табылады.

- Ұлттық құрамада жастармен жұмыс істеу қиындық тудырмай ма?

- Командада тәжірибелі ойыншылардан бөлек, жастар да бар. Олар матчқа үлкен құлшыныспен шығады. Дегенмен, ұлттық құрамаға шақыртылғандықтан, алаңдап, қобалжуы мүмкін. Біз олармен жиі сөйлесіп, өздеріне артылған сенім мен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екендігін түсіндіреміз. Ішкі атмосфераға да көп нәрсе байланысты. Бірақ ол жағынан мәселе жоқ деп ойлаймын. Командадағы тәжірибелі ойыншылар жастарға қол ұшын созып, көмектерін аямауда.

Қазір құрамды жаңартып, жастарға мүмкіндік беруіміз қажет. Бірақ екі ойынға қатысты екен деп, жас ойыншыларды шақырта бермейміз. Біз олардың шеберлігі мен ойынының тұрақтылығына қараймыз. Қазір ұлттық құрамада жүрген жас футболшылар болашақта команданың ойынына айтарлықтай үлес қосады деп айта аламын.

- Қазір Қазақстан құрамасында Құралбек Ордабаев секілді өнер көрсететін қақпашылар бар ма?

- Кез-келген қақпашы сол деңгейге жете алады. Бәрі футболшының өзіне байланысты. Қазір бізде жас қақпашылар көп. Ұлттық құрамаға тұрақты түрде шақыртылып жүрген Сейсенді айтсақ болады. Одан бөлек, Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрамасында талантты қақпашылар жетерлік. Бұл тақырыпта әңгіме қозғау өте қиын, себебі Құралбек Ордабаев біздің футболдағы ұлы тұлға болып табылады. Жас қақпашылар бұл деңгейге жетуі мүмкін, бәрі тек өзідеріне байланысты.

Бөлісу
Жоғары