Орталық Азия футбол қауымдастықтарының басшылары футболды дамыту мәселелерін талқылады
Қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі мәселелерін талқылауға бағытталған басқосуға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Қырғыз футбол одағының президенті Медербек Сыдықов, Түркіменстан футбол федерациясының президенті Арслан Айназаров және Өзбекстан футбол қауымдастығының бірінші вице-президенті Равшан Ирматовтың қатысуымен өтті.
Кездесуде тараптар әр футбол қауымдастығының дамуының негізгі факторлары саналатын инфрақұрылымды жақсарту, кадрлық ресурстарды ұлғайту және жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ әр қауымдастықтың табысты болуы өзара жемісті ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар футболшылар мен төрешілердің оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қажетті инфрақұрылымды салу бойынша өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар әртүрлі халықаралық турнирлерді, оның ішінде әртүрлі жас санатындағы командалар арасындағы әлем біріншіліктерін, сондай-ақ футболдан Әлем чемпионатын бірлесіп ұйымдастырудың шарттары мен ережелерінің талаптарын талқылады.
Жиынға қатысушылар бір-біріне тұрақты ақпарат пен тәжірибе алмасуды қамтитын жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Кездесу барысында бірлестіктердің барлық жетекшілері ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу нәтижесі бойынша жұмыс тобы құрылып, сол арқылы футболдың даму динамикасын жақсарту бойынша жұмыс басталады. Айта кету керек, футбол қауымдастықтарының ынтымақтастығы футболды дамыту мәселелерінде мемлекетаралық деңгейде қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етуі тиіс.