Магомед Адиев: «Біз проблемаларға назар аудармауымыз керек»

Магомед Адиев: «Біз проблемаларға назар аудармауымыз керек»

27 қазан 2023, 18:23
Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 5 қарашада Астанада басталатын оқу-жаттығу жиынына қатысты жоспарларымен бөлісті.

– Магомед Мұсаұлы, алдағы оқу-жаттығу жиыны әдеттегіден әлдеқайда ерте басталады. Жаттығу процесі қалай өтеді?

– Бастапқыда оқу-жаттығуды 10 қарашада бастауды жоспарлаған едік, бірақ бес күн бұрын жиналуды жөн көрдік. Қазақстан кубогының финалы мен еурокубоктарға қатыспайтын ойыншылар өз бабын сақтап, бақылауымызда болғанын қалаймыз. Бізде бос уақыт өте көп және ойыншыларды бір аптада дұрыс бабына келтіре алмайтынымызды түсінеміз.

– Кеңейтілген тізімге 40 ойыншы енді. Ойыншылардың мұндай көп болуының себебі неде?

– Кейбір ойыншылар Қазақстан кубогының финалынан кейін бір-екі күндік үзіліс алады. Сол уақытта біз басқа ойыншыларды көргіміз келеді. Олардың көбі соңғы тізімге енбейтіні анық. 5-10 қараша аралығында бір-бірімізбен танысатын боламыз. Жастар құрамасының ойыншыларының ойынын анық көру үшін Қазақстан U-21 құрамасына қарсы жолдастық кездесу де жоспарланған. Олар біздің резервте, біз оларды әрдайым бақылаймыз және жаттығу барысында жеке танысқымыз келеді. 11 қарашадан бастап, қалған ойыншылар командаға қосылғанда, біз алдағы ойындарға толық құрамда дайындала бастаймыз.

– Алдағы оқу-жаттығу жиынына келетін команданың жаңа ойыншылары туралы не айта аласыз?

– Бес күндік оқу-жаттығу жиынында біз оларды жаттығу барысында көріп, жеке танысып, сол арқылы жаңа ойыншылардың біздің бақылауымызда екенін көрсеткіміз келеді. Бір күні олардың ұлттық құрамаға келіп, бәсекеге қабілетті болатынын түсінеміз.

– Словенияға қарсы ойын табиғи алаңда, ал оқу-жаттығу жиыны жасанды алаңда өтеді. Алаңға бейімделуде қиындықтар бола ма?

– Біз бұл мәселені ұзақ жоспарладық. Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Сан-Мариномен ойнап, сол жерден Словенияға ұшып кетуді жоспарлағанбыз. Бірақ 10-17 қараша аралығында Алматыда ауа райы қандай болатынын түсіну қиын. Егер аяз болса, бұл да мәселе – онда біз өзімізге қажетті жүктемелерді орындай алмас едік. Сондықтан «Астана Аренада» қалуды жөн көрдік. Стадионның төбесі жабылып, ауа-райы қолайлы болып, өзіміз жоспарлаған жұмыстарды жүргізе аламыз. Жасанды төсеніштен табиғиға көшу аздап әсер ететіні анық, бірақ бұл үлкен проблема болады деп ойламаймын. Өткен жылы Ұлттар лигасында біз «Астана Аренада» дайындалып, Әзербайжанмен ойнадық, одан кейін Словакия және Беларусь құрамаларына қарсы табиғи алаңда екі кездесу өткіздік. Жасанды алаңнан ауысу қалыпты өтіп, бұлшықет жарақаттары болмады. Жаттығу процесінде біз табиғи алаңға бейімделу үшін кейбір жаттығуларды қосамыз, бізде мұндай тәжірибе бар.

– Асхат Тағыберген жарақат алды. Оның жаттығу процесіне қатыспауы қаншалықты әсер етеді?

- Өкінішке қарай, алдағы ойындарда ол бізбен бірге болмайды, біз үшін бұл жағымсыз жаңалық. Бірақ үнемі айтатыным, біз проблемаларға назар аудармауымыз керек. Біз оларды қабылдап, шешуге тиіспіз. Біздің ойын жүйемізді өзгертуге белгілі бір көзқарас бар, бірақ біз бұл туралы жаттығу процесінде тереңірек ойланамыз. Асхат Германияда емделеді, оған тезірек оралуын тілеймін! Ол біздің капитан, лидеріміз. Ойынға дейін ол Қазақстанға оралса, бізбен бірге Словенияға барып, жігіттерді қолдағанын қалаймыз. Ол ойнамаса да, оның командадағы рөлі өте маңызды. Өткен жолы Сергей Малый да жарақат алғанымен, Дания және Финляндияға қарсы кездесулерде жігіттерге қолдау көрсетті. Біз әрқашан ұлттық құрама үшін көп еңбек сіңірген жігіттердің командамен бірге сапарға шығып, ұжымды қолдағанын қалаймыз.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары