Мадияр Кембілов: «Ұлттар лигасының келесі кезеңіне өткіміз келеді»
– Біз күткендей Израильмен екінші ойында қыздар қалпына келіп, бапталып, командаға капитанымыз Юлия Мясникова қосылды. Жақсы және сапалы ойын көрсеттік деп ойлаймын. Команда барын салды, біз 100 емес, 200 пайызға тырыстық.
Иә, қарсыластың мүмкіндіктері болды. Алайда біз де гол соғуға жақын болдық. Екі жүз пайыздық мүмкіндіктеріміз болды: бірі бірінші таймда, екіншісі матчтың соңында. Сол мүмкіндіктерді пайдаланғанымызда жеңіске жететін едік.
Келесі ойынға дайындалуымыз керек. Бізді Эстония мен Арменияға қарсы екі маңызды ойын күтіп тұр. Тек жеңіс үшін ойнаймыз. Жанкүйерлерді қуантып, ел намысын абыроймен қорғайтын командамыз бар екенін көрсеткіміз келеді.
Біз біртіндеп қадам басып келе жатырмыз. Иә, бізде ойыншылар құрамына қатысты қиындықтар бар: Қазақстан чемпионатында бес команда ғана бақ сынаса, оның екеуі жас ойыншылардан тұрады. Алайда бәрі жақсы жаққа өзгереді деп ойлаймын.
Бұл турнирдегі мақсатымыз – Ұлттар лигасының келесі кезеңіне өту. Біз өз алаңымызда жеңіске жетіп, жарысты бірінші орынмен аяқтауымыз керек. Егер ол нәтижеге қол жеткізе алмасақ, екінші орын арқылы келесі жылдың ақпан айында өтетін плей-офф кезеңінде Ұлттар лигасының В лигасына өту мүмкіндігіне ие боламыз.
Біз барлық жанкүйерлерді 1 желтоқсан мен 5 желтоқсанда «Астана Аренада» күтеміз және өз кезегімізде оларды өз ойынымызбен қуантуға тырысамыз.