Стюарт Джон Холл: «Тамыз айының соңында Өзбекстанға барып, екі жолдастық матч өткізуді жоспарлап отырмыз»

Стюарт Джон Холл: «Тамыз айының соңында Өзбекстанға барып, екі жолдастық матч өткізуді жоспарлап отырмыз»

12 тамыз 2024, 13:30
15 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы ұлттық академиясының ФИФА техникалық кеңесшісі Стюарт Джон Холл ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында ойыншыларды іріктеу, жолдастық кездесулер және команданың алдағы жоспарлары туралы пікірімен бөлісті.

- Қазіргі кезеңде ұлттық академияның жаттығу үдерісі қалай қалыптасқан?

- Қазір ойыншылар біздің қарамағымызға айына 20 күнге жиналады, ал қалған 10 күнде олар өз клубтары мен отбасыларына оралады. Осы уақыт ішінде олардың көпшілігі клубтық деңгейде үш ойын өткізеді. Сондықтан біз олармен бірге болғанда бір-екі ойын ғана ойнаймыз. Қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін көбірек уақыт қажет болуы мүмкін, бірақ қазіргі таңда біз ойыншыларды клубтарына жіберуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – ойыншылар үшін клубтық ойындарды қоса алғанда айына бес ойыннан аспау. Осылайша біз балаларды шамадан тыс жүктемейміз. 

Академияда өткізетін 20 күн ішінде біз алаңда практикалық жаттығулар өткізіп, футбол интеллектісі бойынша теориялық сабақтар мен семинарлар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, тимбилдингтер өткіземіз. Мәселен, өткенде «Астана» мен «Милсами» ойынын тамашалауға бардық, тауға саяхатқа шықтық. Команда үшін мұндай пайдалы іс-шараларды өткізу өте маңызды. 

- Ұлттық академияға қанша ойыншы алынады және соңғы тізім қашан белгілі болады?

- Біз Қазақстанды аралап, 1300-ден астам ойыншыны қарадық және командамызды күшейту үшін ойыншыларды іздеуді жалғастырып жатырмыз. Бұған дейін біз құрамды жариялап, өзгерістер болатынын айтқан едік. Бір-екі ойыншы қосылуы мүмкін. Біз көптеген қалаларға, көптеген жарыстар мен турнирлерге бардық. Тамыз айында да ойындарды көреміз.

- Футболшылармен жұмыс барысында қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

- Ойыншылар алғаш келгенде табиғи алаңда ойнауды білмеді. Өйткені олардың көпшілігі жасанды алаңдарда өнер көрсетеді. Сондықтан аздап бұлшықет мәселелері пайда болды. Енді ғана ойыншылар алаңға үйрене бастады. Халықаралық жарыстарда ойындардың 70-80% табиғи алаңда өтеді, әсіресе жақсы командалармен ойнағанда, сол себепті біз жасанды алаңдарда сирек жаттығамыз.

- Құрама бірнеше жабық бақылау ойындарын өткізді. Бұл матчтардың нәтижесі қаншалықты маңызды?

- Қазіргі таңда бақылау матчтарының нәтижелері маңызды емес, өйткені команда әлі де қалыптасу үстінде және ойыншылар дайындықты енді бастап жатыр.

- Команданың халықаралық деңгейдегі матчтар мен турнирлерге жоспары қандай?

- Біз ойын бағдарламасына қатысты әлемнің топ-20 федерацияларының моделін негізге алдық. Әдетте U-15 командалары жылына 6-дан 20-ға дейін ойын өткізеді. Біз 10 ойын ұйымдастыра аламыз деп ойлаймын. Бұл керемет нәтиже.

Халықаралық жолдастық кездесулердің бағдарламасы бар. Тамыз айының соңында Өзбекстанға барып екі ойын өткіземіз. Содан кейін қыркүйек айының ФИФА терезесінде Талғарда екі матч болады. Ал қазанда біз халықаралық турнирге қатысамыз. 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары