Станислав Черчесов: «Жанкүйерлердің қолдауына үміт артамыз»

Станислав Черчесов: «Жанкүйерлердің қолдауына үміт артамыз»

13 қараша 2024, 13:26
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы Алматыда Аустриямен өтетін матч алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Әрине, ауа райы өз әсерін тигізеді. Егер алаң нашар болса, ойын баяулау өтеді. Ауа райының қандай болатынын көрерміз. Бірақ мен мұндай жағдайларға үйренгенмін. Қазір жақсы дайындалдық, бұл – осы жылғы үйдегі соңғы ойынымыз. Ең бастысы, дәрігерлер не айтады, кімнің денсаулығы жақсы екені маңызды.

Нәтиже әрдайым маңызды. Аустриямен сырт алаңдағы матч сәтсіз болды. Бірақ нәтиже жаман, алайда Словениямен өткен ойынмен салыстырғанда ойын сапасы жақсарып келеді. Команда жаттығудағы идеяларды қабылдады. Келесі матчта шабуылда өз мүмкіндіктерімізді іздегіміз келеді. Жанкүйерлердің қолдауына үміт артамыз.

– Ертең Мейрамбек Қалмырза ойнауы мүмкін бе? Өйткені Әліп матчқа қатыспайды, бізде сол аяқпен ойнайтын орталық қорғаушылар жоқ қой.

– Қалмырза өз клубында тірек аймағында ойнайды. Жас ойыншы өзі жайлы жерде ойнауы керек деп ойлаймын. Жас ойыншыны ыңғайсыз позицияға қоя алмаймын. Ол құрамда бола ма, жоқ па, әлі де ойлануымыз керек.

– Біздің команданың ойын үлгісі қаншалықты өзгеруі мүмкін?

– Әрине, өзгереді, өйткені екі негізгі ойыншымыз – Әліп пен Чесноков болмайды. Басқа ойыншыларға күмәнім жоқ, оларға сенемін. Бірақ өзгерістер енгізуге тура келеді.

– Бұл жолы неге Рамазан Оразов шақырылмады?

– Соңғы жиында ол өзін жайсыз сезінді. Оразов өз командасында ойнамай жүр. Әрбір футболшы кейде жағдайды сырттан қарауы керек деп есептеймін. Оны есептен шығарған жоқпыз. Келесі жиында көмектеседі деп үміттенемін. Біз барлық футболшыларға құрметпен қараймыз.

– Алдағы ойындарда қақпашыларды ауыстырасыз ба?

– Уақыт бар, біз команданы дайындап жатырмыз. 

Бөлісу
Жоғары