Денис Мамонов: «Ұлттық құрамаға ойыншылар дайындауымыз қажет»

– Денис Николаевич, алдағы жастар құрамасының жиыны жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Мақсаты қандай? Қандай бақылау матчтары жоспарланған?
– Жиын 16-26 наурыз аралығында Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының базасында өтеді. Басты мақсат – маусым айында басталатын Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне ойыншыларды іріктеу. Осы жиын аясында «Қайрат» және «Қайрат-Жастар» командаларымен екі бақылау матчы өткізу жоспарланған.
– Қазір негізінен жаңа буын жиналып отыр. Бұл жігіттерден команда жасау міндеті тұр ма?
– Өткен циклде тактикалық өзгерістер жасағанда ойыншылардың жаңа жүйеге тез бейімделе алатынын байқадық. Бізде «Қайратқа» қарсы ойынға дайындалуға бес күн бар. Матчтан кейін қай жерден қателік кеткенін анықтап, жұмыс істейміз. Өткен іріктеу кезеңінде жас ойыншыларға көп мүмкіндік бердік. Сонымен қатар U-19 құрамасында да талантты жігіттер жетерлік. Биыл бірқатар жас ойыншы өз клубтарында негізгі құрамда алаңға шықты. Біз елдің түкпір-түкпірінен болашағы зор футболшыларды тауып, оларды дайындауымыз керек. Бұл – ішкі бәсекелестікті арттыру үшін де, ұлттық құраманың негізгі құрамына сапалы ойыншылар дайындау үшін маңызды.
– Дулат Талыспаев ұлттық құрамаға шақырту алғанымен жастар құрамасына келетін шығар. Өйткені ұлттық құрамада қақпа шебінде бәсекелестік өте жоғары.
– Дулатқа өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік берілді. Ол – әлеуеті жоғары жас ойыншы, бірақ әлі де көп еңбектену керек. Жастар құрамасында да мықты қақпашылар бар, сондықтан ол мұнда да бәсекеге дайын болуы тиіс.
– 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу тобы жайлы пікіріңіз қандай? Англияны бұл топта сөзсіз фаворит деп айта аламыз ба?
– Биыл барлық құрамалар жасарып жатыр. Англия іріктеу кезеңдерінің тұрақты көшбасшыларының бірі, сондықтан біздің топта да бірінші орын үшін таласатыны анық. Ирландия да бәсекелестік жасай алатын мықты қарсылас. Жалпы, әр команда өз мүмкіндігін барынша пайдалануға, жақсы ойын көрсетіп, мүмкіндігінше көп ұпай жинауға тырысады.
– ҚПЛ-дың алғашқы турларында қазіргі құрамдағы бірқатар ойыншы өз клубтарында алаңға шықты. Бұл тенденцияның біртіндеп өзгеріп келе жатқанын, яғни клубтардың өз тәрбиеленушілеріне көбірек сенім арта бастағанын білдіре ме?
– Егер ойыншының әлеуеті жоғары болса, бапкер оған негізгі құрамнан орын береді. Қазіргі кезең – жас футболшылар үшін үлкен мүмкіндік. Олар өз клубтарында негізгі құрамға орнығып, командаластарымен бәсекеге түсуі керек.