Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА президенті Александер Чеферинді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА президенті Александер Чеферинді қабылдады

25 сәуір 2025, 12:57
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының президенті Александер Чеферинді қабылдады.

Кездесу барысында мемлекет басшысы УЕФА тарапынан көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берді.

Дәл қазір Қазақстанда 1 миллионнан астам отандасымыз футболмен шұғылданады. Бұл – спортпен айналысатын азаматтарымыздың 13 пайызы. Бұдан аталған спорт түрінің бұқаралық сипат алғанын көруге болады.

Мемлекет басшысы  отандық футболдың нарық талаптарына сай орнықты бизнес моделін қалыптастыру қажеттігіне және клуб менеджментін дамыту маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ УЕФА-мен білім беру және тәжірибе алмасу бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы ықпалдастыққа қолдау білдірді. Бұл мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді.

Өз кезегінде Александер Чеферин Қазақстанмен арадағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізіп, УЕФА  мен Қазақстан футбол федерациясы арасында берік байланыс орнағанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Чеферинге Қазақстандағы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Достық» II дәрежелі орденін табыстады.

Бөлісу
Жоғары