Кака: «Мүмкіндігімізді пайдалана алмағанымыз өкінішті»

- Ең алдымен, жанкүйерлерге алғыс айтамын. Олар ойын бойы, тіптен пенальти кезінде де бізбен бірге керемет сәтті өткізді. Біз бұл спектакльді жеңіспен аяқтап, оларға қуаныш сыйлағымыз келсе де, өкінішке қарай, олай болмады. Бірақ олар ойыннан үлкен ләззат алды деп ойлаймын.
Әрине, біз қалаған нәтиже емес. Плей-оффта Италия да, Қазақстан да мықты командалар. Қай ел болмасын оларға Еуроға бара алмау трагедиямен тең. Екі матчтың қорытындысымен жеңімпаз Италия атанды. Бірақ басты қателік бүгін емес, іріктеу кезеңінде кетті. Ойынға толық зейін қойылмай, дұрыс қарым-қатынас пен эмоция жетіспеді.
Бізге тағы бір мүмкіндік берілді. Ойынға футболшылар бар күшін салды . Менің оларға өкпем жоқ, сәттілік жанымызда болмады. Италияда да, осы матчта да көп мүмкіндікті пайдалана алмадық. Ал пенальти сериясында төрт голдың төртеуі де соғылмады. Футзалда бәрі болады, бірақ бұл – ерекше жағдай.
Ал енді болашақ туралы айтсақ, әр ойыншы өзі шешім қабылдайды. Біз әлі сөйлесуіміз керек, жігіттерге әзір жария етпеуін сұрадым. Алда жаңа буын ауысарын түсініп тұрмыз. Алайда процесс қазіргі көшбасшылардың қолдауымен жүруі керек. Бәрі бірдей кетпеуі мүмкін. Кейбірі қалып, жастарға көмектеседі. Киім ауыстыратын бөлмеде бәрі көңілсіз, мұңды болды, біреулер мансабын аяқтау туралы айтты. Бірақ, «таң атпай не боларын білмейсің» демекші, ол туралы командамен әлі де сөйлесеміз.
Сөз соңында тағы да жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Жеңілістен кейін де олар бізді, ойыншыларды қолдады. Олар бізден жеңіс күтті. Десе де команда барын салып ойнағанын көрді. Ойыншылар жеңіс үшін бар күшін, денсаулығын берді. Біз ойында жеңсек те, пенальтиде ұтылдық.
Сол үшін жанкүйерлерімізге алғыс айтып, қорытынды нәтиже үшін кешірім сұраймын. Бірақ бүгінгі атмосфера керемет болды, ал қолдау үзілместен ғажап деңгейде өтті.
Айта кетейік, Еуро-2026 жолдамасы үшін өткен екі ойыннан кейін есеп (4:4) теңесіп, матч соңындағы пенальти сериясында Италия құрамасы 2:0 есебімен басым түсті.