Шыңғыс Темірханов: «ЦП-футболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады»
– Қазір ЦП құрамасының әлем чемпионатына дайындық кезеңі басталды. Әлем біріншілігі биыл тамыз айында Англияда өтеді. Осы ретте Федерация басшылығына біздің командаға және жалпы парафутболға көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы үшін алғыс айтқым келеді.
Былтыр біз парафутбол фестивалін ұйымдастырып, рекордтық жеті команданы жинадық. Бұл құраманың деңгейін айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Әлем чемпионатына дайындық аясында біздің команда Ресейдің ашық чемпионатына да қатысады. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені ресейлік командалардың деңгейі жоғары.
Чемпионатқа ұлттық құрамаларда ойнаған, әлем чемпиондары және Еуропа турнирлерінің жүлдегерлері қатысады. Мұндай турнирде ойнау – дайындықтың маңызды кезеңі. Әрине, бұл біздің команда үшін де, жалпы Қазақстандағы парафутбол үшін де үлкен жауапкершілік. Біз ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз.