Павлодарда дарынды балаларды анықтауға арналған Talent ID Cup турнирі өтіп жатыр
Жарысқа Павлодар, Өскемен, Семей және Екібастұз қалаларының футбол орталықтары мен жекеменшік футбол мектептерінен 8 команда қатысуда.
Мұнда Қазақстан футбол федерациясы элиталық жасөспірімдер футболы бөлімінің мамандары дарынды, болашағы зор футболшыларды ерте анықтап, оларды алдағы уақытта бақылауға алу үшін арнайы пулға енгізу жұмыстарын жүргізеді.
ҚФФ элиталық-жасөспірімдер футболы бөлімінің жетекшісі Евгений Свешниковтың айтуынша, бұл турнир жас футболшылар үшін Қазақстан ұлттық құрамасына апарар күрделі, бірақ жүйелі жолдың алғашқы қадамы саналады. Алдағы уақытта еліміздің оңтүстігі мен батысында өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Біз ойыншыларды техника, тактика, физикалық дайындық және менталдық қабілетіне қарай бағалаймыз. Нәтижеге емес, ойыншылардың даму деңгейі мен әлеуетіне басымдық береміз. Яғни болашақта әр ойыншының қандай деңгейде өнер көрсете алатынын анықтауға тырысамыз.Біз үшін турнирдің өңірлерге ашық әрі қолжетімді болуы – басты міндеттердің бірі. Ойыншының қай жерде және қашан туғанына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әр бала осы турнирге қатысып, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады. Үздік ойыншылар ұлттық «Талант ID» базасына енгізіліп, аймақтық орталықтар мен ҚФФ академиясының кезеңдерінен өткен соң Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алуы мүмкін,-деді Е.Свешников.
Турнир топтық кезең және плей-офф форматында өтеді. Командалар А және В топтарына бөлініп, ойындар өткізеді. Финалдық ойындар 24 ақпанға жоспарланған.
Айта кету керек, бұған дейін аталған турнир Астана мен Қостанай қалаларында ұйымдастырылды.