Премьер-лига төрешілерінің маусымалды семинары басталды
Дайындық Белек қаласында өтіп жатыр. Жиынға бас төрешілер, ассистенттер және VAR төрешілері қатысуда. Негізгі мақсат – жаңа маусымға жан-жақты әрі сапалы дайындық. Төрешілер де футболшылар сияқты жүйелі түрде физикалық және теориялық дайындықтан өтеді.
Бірінші күні таңертең төмен қарқындағы жаттығу өтті. Одан кейін ойын ережелеріндегі өзгерістер мен толықтыруларға арналған сессия ұйымдастырылды. Кейін VAR жүйесі бойынша сабақтар басталды. Төрешілер Премьер-лигада қолданылатын жаңа Hawk-Eye технологиясымен танысты. Оқу УЕФА матчтарында пайдаланылатын арнайы мобильді орталықта өтті. Мақсат – маусым басталғанға дейін жүйемен іс жүзінде жұмыс істеп көру.
Жаңа VAR нұсқасында қосымша мүмкіндіктер бар, соның ішінде офсайд сызықтары да енгізіледі. Бұл шешімдердің дәлдігін арттыруға көмектеседі.
Екінші күні төрешілер физикалық дайындық, ойын ережелері және бейнеэпизодтарды талдау бойынша міндетті тест тапсырды. Бұл нормативтерді тапсыру – Премьер-лига матчтарына жіберілу үшін міндетті талап. Нәтижесі төрешілердің дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетті.
Үшінші күннен бастап бағдарлама кешенді форматта жалғасуда. Таңғы жаттығулар УЕФА әдістемелері бойынша өтеді. Семинарға УЕФА-ның физикалық дайындық жөніндегі жетекші нұсқаушыларының бірі Жоау Диаш арнайы шақырылды.
Тренингтен кейін теориялық сабақтар өтеді, онда ойынның маңызды сәттері егжей-тегжейлі талқыланып, шешімдерге ортақ көзқарас қалыптастырылады. Түстен кейін төрешілер топтарға бөлінеді: бір бөлігі бақылау матчтарын басқарып, кейін талдау жасайды, ал екіншісі UEFA 20 жарақаттың алдын алу бағдарламасынан өтеді. Үшінші топ жеке сұхбат пен ағылшын тілін білу деңгейін бағалаудан өтеді.
Жиынның қарқынды бағдарламасы төрешілердің кәсіби дайындығын барынша арттыруға бағытталған. Алдағы маусым Премьер-лигада талап жоғары болатыны анық, себебі Қазақстан футболының қарқыны мен деңгейі өсіп келеді.