ҚФФ өкілі УЕФА аймақтық семинарында клубтарды лицензиялаудағы ҚР тәжірибесі туралы баяндама жасады
Семинарда клубтарды лицензиялау жүйесіндегі негізгі аспектілер қарастырылды. Атап айтқанда, спорттық, инфрақұрылымдық, әкімшілік-кадрлық, құқықтық және қаржылық талаптарды орындау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ клубтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және белгіленген стандарттарды сақтау бойынша ұлттық қауымдастықтардың практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
УЕФА-ның лицензиялау бөлімі шақыруымен ҚФФ Лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мұсабеков клубтарды лицензиялау талаптарын іске асыруда Қазақстан Республикасының тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында кәсіби клубтардың құрылымында футбол орталықтары мен академиялардың болуын міндеттейтін талап енуіне кеңінен тоқталды. Бұл норма балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамытуға және кадрлық резерв қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2019 жылдан бастап лицензиялау критерийлері аясында футбол орталықтарының құрылымында қыздар командаларын құру жөніндегі міндетті талаптың қолданыста екенін атап өтті. Аталған норманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру нәтижесінде ұлттық чемпионатқа 14 әйелдер командасы қатысып, бұл Қазақстандағы әйелдер футболын дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
Семинар еуропалық әріптестермен кәсіби қарым-қатынасты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және клубтарды лицензиялау мен қаржылық тұрақтылық жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.