Қазақстанда eKPL киберфутбол лигасы басталады

Қазақстанда eKPL киберфутбол лигасы басталады

28 ақпан 2026, 12:40
Биыл елімізде алғаш рет ұлттық киберспорт чемпионаты ұйымдастырылып, eKPL ресми киберфутбол лигасы іске қосылады. Бұл лига ЕА SPORTS FC 26 ойыны аясындағы FC Pro халықаралық экожүйесіне енеді.

eKPL – ресми ұлттық киберспорт жарысы санатында ЕА SPORTS FC 26 ойынының Ultimate Team режимінде өтеді. Лиганың құрылуы еліміздегі клубтардың жаһандық киберфутбол жүйесіне интеграциялануына, сондай-ақ клубтық брендтердің жас цифрлық аудитория арасындағы танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.

eKPL маусымы үш кезеңнен тұрады. 2026 жылдың ақпан-наурызда клубтар лигада өнер көрсететін ойыншыларды анықтау үшін ішкі іріктеу турнирін өткізеді. Наурыз-сәуірде еліміздің барлық аймағынан қатысатын клубтар арасында онлайн форматта тұрақты маусым ұйымдастырылады. Чемпионат сәуірдің соңында тікелей трансляциялар, арнайы қонақтар және ұлттық чемпионды анықтаумен өтетін LAN-турнир  гранд-финалмен аяқталады.

eKPL жеңімпазы Қазақстан атынан eChampions League турнирінде UEFA Чемпиондар лигасының киберспорттық баламасында бақ сынайды. Бұл додада ұлттық лигалардың чемпиондары мен Еуропаның жетекші клубтары қатысады. Сонымен қатар, чемпион ЕА SPORTS FC Pro World championship  турнирінің іріктеу кезеңіне (Play-Ins) қатысу құқығына ие болады.

eKPL-дің іске қосылуы Қазақстан футбол федерациясының цифрлық даму стратегиясының бір бөлігі саналады. Бұл бастама жарыстар экожүйесін кеңейтуге және жанкүйерлермен өзара іс-қимылдың заманауи форматтарын енгізуге бағытталған. Жаңа чемпионат жас буын үшін футболға қосымша мүмкіндік жасап, Қазақстандағы футбол мәдениетінің цифрлық кеңістікте дамуына серпін береді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары