СТАНИМИР СТОИЛОВ: «БҮГІНГІ ЖЕҢІС – БОЛАШАҚ ТАБЫСТЫҢ НЕГІЗІ»
– Барша Қазақстан мен футболшыларымды бүгінгі жеңіспен құттықтаймын! Олар бүгін жақсы футбол ойнай алатынын көрсете білді. Мен үшін нәтиже маңызды болмады. Ең бастысы шәкірттерімнің қандай футбол ойнайтыны маңызды болды. Біздің әлеуетіміз зор. Оны дамыту керек. Алғашқы 30 минут жақсы ойнадық. Сосын футболшылардың қарқыны бәсеңдеді. Еурокубок ойындар арқылы біздің футболшылар шеберліктерін арттыра түседі деп үміттенемін. Ойынға тыңнан араласқан футболшылар да белсенділік танытты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері 3:0 есебімен жеңіске жетпеді. Бүгінгі жеңіс – болашақ табыстың негізі. Қазақстандық футболдың барлық мәселесі шешілді деп ойламаңыздар. Алғашқы 30 минуттағы ойынды 90 минут бойы көрсетуіміз керек.
– Юрий Логвиненко орталық жартылай қорғаныста ойнап жүр. Не себептен?
– Бүгін командалық ойын көрсеттік. Сол себепті үзілісте ойыншы ауыстырмадым. Қорғаныста Постников пен Малый жақсы жұмыс істеді. Жақсы ойын көрсетіп жатқан футболшыларды ауыстырудың қажеті шамалы. Исламбек Қуаттың тыныққанын қаладым. Юрий Логвиненко әлі нағыз бабына енген жоқ. Ол – орталық қорғаушы.
– Бауыржан Исламхан жасыл алаңда емін-еркін қимылдады. Бұл жаттықтырушылардың талабы ма?
- Бауыржан Исламхан біздің қойған позициямызда ойнады. Серікжан Мужиковтен төмен Исламбек Қуатпен бірге ойнады. Ол жаттықтырушылар штабының қойған талаптарын толықтай орындады. Исламхан футболды қатты жақсы көреді. Сол себепті ол әр ойында соңына дейін бар күш-жігерін салады.
– Бүгінгі ойында ойыншылар Әлем Чемпионатының жолдамасына таласқандай болды. Оларды қалай ынталандырдыңыз?
– Бүгін футболшылар абырой үшін күресті. Қазақстандық футболшылардың деңгейі ФИФА рейтингісіндегі орынға сай келмейді. Ойыншылар өздерін құрметтейді. Жеңіске жеткісі келеді. Футболшылардың дайындығы маңызды. Біз оларды жұмыс істеуге мәжбүрлейміз. Қазақстан үшін күресуге дайын футболшылар ғана ұлттық құрамаға шақырылады.