Шохиста Ходжашева: «Оқу-жаттығу жиыны футболшылардың деңгейін көтеруге мүмкіндік берді»

Шохиста Ходжашева: «Оқу-жаттығу жиыны футболшылардың деңгейін көтеруге мүмкіндік берді»

26 қараша 2018, 16:47
Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншысы Шохиста Ходжашева Біріккен Араб Әмірлігінде өткен оқу-жаттығу жиынынан алған әсерімен бөлісті:

- Оқу-жаттығу жиынына қандай дайындықпен келдіңіз?

- Мен жақында Түркия чемпионатына ауысқан едім. Ол жақта чемпионат енді басталды. «Hakkarigücü Spor» командасының қатарында үш ресми ойын өткіздім. Сол себепті ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына жақсы дайындықпен келдім.

- Рәзия Нүркенова команда алдында қандай мақсаттар қойды?

- Рәзия Төлеуқызы бастаған жаттықтырушылар штабы биік мақсаттарды алға қояды. Басты міндеттердің бірі – шабуылда ойнау. Жанкүйелер алдында сапалы әрі жылдам футбол көрсету.

- Оқу-жаттығу жиынының жаңашылдығы?

- Оқу-жаттығу жиыны таңғалдырды. Өте қызықты жаттығулар. Тактикалық жаттығуларға көп көңіл бөлдік. Күніне екі рет жаттығу жүргіздік. Ұлттық құраманың ойыншылары келесі маусымға дайындықты бастады. Сонымен қатар, жас футболшылар да шақырылды. Жаттықтырушылар штабы жаңа құрамды құруға ұмтылып жатыр. Жиынды ұйымдастырған Қазақстан Республикалық Ұлттық олимпиадалық комитетіне алғыс білдіреміз. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен оқу-жаттығу жиыны футболшылардың деңгейін көтеруге мүмкіндік берді деп санаймын.

- Бас бапкердің талабын орындау қаншалықты қиын?

- Рәзия Төлеуқызы – халықараралық тәжірибесі мол кәсіби маман. Тез тіл табыстық. Ұлттық құрама деңгейін көтере алады деп ойлаймын.  Жаттықтырушылар штабының талабын орындауға тырыстық. Әр футболшы жеке дайындалып, шеберліктерін шыңдады.

-  Түркияның «Hakkarigücü Spor» клубына қалай ауыстыңыз?

- Түркияның оңтүстігінде орналасқан Хаккяри қаласының командасында ойнаймын. Жақында құрылған клуб. Екінші лигадан бастады. 2017/2018 жылғы маусымда өз дивизионының күміс жүлдесін жеңіп алып, Бірінші лигаға жолдама алды. «Hakkarigücü Spor» командасы 2018/2019 жылғы маусымда құрамын шетелдік ойыншылармен күшейту жөнінде шешім қабылдады. Бірінші лиганың әр командасы 4-5 легионер шақыра алады. Клуб жетекшілігі Әзірбайжан құрамасының ойыншысы Кристина Бакарандзені шақырды. Екеуіміз көкшетаулық «Оқжетпес» сапында бірге ойнадық. «Hakkarigücü Spor» командасына басқа да футболшылар қажет болды. Кристинаның кеңесімен қаралымға шақырды.  Екі апта дайындықтан кейін клубтың мүшесі болуға ұсыныс тастады.

Фото: Ходжашева бірінші қатарда сол жақта

- Түркия чемпионаты туралы толығырақ айтып өтсеңіз?

- Түркияда әйелдер арасында футболдан үш лига бар. Бірінші лигада ең мықты командалар ойнайды. Стамбул, Измир, Газиантеп, Диярбакыр, Трабзон және Хаккяри қалаларының командалары. Екінші лигада деңгейі төмендеу ұжымдар жиналған. Үшінші лигада U-19 командалары, яғни Бірінші лиганың жастар командасы.

Бөлісу
Жоғары