Серікжан Мужиков: «Іріктеу кезеңін жақсы бастап, 2-3 орынға таласуға мүмкіндік іздейміз»
- Серікжан, өткен маусымда ойын кестесі өте тығыз болды. Ұлттар Лигасы, еурокубок маусымы және Қазақстан Чемпионатының ойындары... Жаңа маусымға қаншалықты дайындала алдыңыз?
- Өткен маусымды қорытындылайтын болсақ, «Астана» футбол клубы Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды. Жыл сайын чемпиондық атақты қорғау қиынға соғып келеді. Премьер-лига командалары арасында бәсекелестік артты. «Қайрат», «Тобыл» және «Ордабасы» командалары күшейе түсті. Ел чемпионатын бес рет ұту арқылы «Ертіс» және «Ақтөбе» футбол клубтарымен бір қатарға тұрдық.
Чемпиондар лигасында топтық кезеңге жолдама ала алмадық. Үміт отын сөндірмей, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шықтық. Өкінішке қарай, Украинаның «Динамо Киев» және Францияның «Ренн» командаларына жол беріп, плей-офф кезеңіне өте алмадық. Төрт жыл қатарынан Еуропа турнирлерінің топтық кезеңінде ойнау Қазақстан үшін өте табысты нәтиже.
Ұлттар Лигасынан көп үміт күтілді. Венгрия, Болгария және Әзірбайжан құрамаларымен өткен жолдастық кездесуде жақсы ойын көрсеттік. Бірақ топтан бірінші орынмен шығу міндетін орындай алмадық. Екінші орын көңілде кірбің қалдырды. Грузия құрамасының жеңіске лайық болғанын атап өткен жөн. Болгариялық маман Станимир Стоиловтан үйренерім көп болды. Ұлттық құраманың ойын өрнегі де өзгерген еді.
Маусым аяқталғаннан кейін, сәл тынығып, жаңа маусымға дайындықты бастадық. «Астана» футбол клубы Дубай мен Анталияда оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Шотландия және Ресеймен өтетін ойындарда жаттықтырушылар штабы сенім артып жатса, ел намысын қорғауға дайынмын.
- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңін сәтті бастау қаншалықты қиынға түспек? Біздің чемпионат енді ғана басталды. Ал, қарсыластың ойыншылары үшін маусымның қызған шағы...
- Қазақстан футболында қаңтар-ақпан айларында маусымаралық жаттығу жиындары өтеді. «Астана» мен «Қайрат» арасында Суперкубок ойыны өтіп, Премьер-лиганың алғашқы екі туры аяқталды. Шотландия мен Ресейдің жағдайы өзгеше екені белгілі. Ресей чемпионаты ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұзаққа созылады. Шотландия құрамасының 80 пайызы тамыз айынан бастап Англия жән Шотландия чемпионаттарында ойнап келеді. Футболшылар чемпионаттың басым бөлігінен соң шаршауы әбден ықтимал. Алайда, нәтиже қарсыластың ойынына тәуелді болмауы тиіс. Барлығы өз қолымызда. Турнирді жақсы бастауға мүмкіндік бар.
- Қазақстан құрамасының топтағы қарсыластарына қандай баға бересіз?
- Алты командадан тұратын топқа түскеніміз жақсы болды. Бір жыл ішінде он матч өткіземіз. Халықаралық аренада ысылу үшін жақсы тәжірибе болмақ. Қарсыластардың арасынан Бельгия құрамасының орны ерекше. 2018 жылғы Әлем Чемпионатының қола жүлдегерлері ФИФА рейтингінде көш бастап келеді. Шотландия мен Ресей құрамаларының деңгейі бірдей деп есептеймін. Әрі қарай Қазақстан, Кипр және Сан-Марино құрамалары орналасқан. Іріктеу кезеңін жақсы бастап, 2-3 орынға таласуға мүмкіндік іздейміз.
- Қазақстан мен Шотландия арасындағы алғашқы ойынға болжамыңыз
- Шотландия – әлемдегі ең үздік чемпионаттың бірі Англия Премьер-Лигасында ойнайтын футболшылардан жасақталған құрама. Шотландия футболшыларының жылдамығы жоғары, жақсы қысым көрсетеді. Әсіресе, айып соққылары мен бұрыштама доптары ойнатылған кезде сақ болған жөн. Жаттықтыушылар штабы нақты нұсқау береді деп ойлаймын.
- Шотландия құрамасымен алғаш рет кездескелі отырмыз, алайда, «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасында Глазгоның «Селтик» командасымен бірнеше рет жолықты. Сол турнирде «Селтик» қақпасына гол соқтыңыз. Қарсыласпен арадағы бәсекелестіктің деңгейі қандай?
-Қазақстандық футбол жанкүйерлері «Селтик» футбол клубымен жақсы таныс. Қарағандылық «Шахтер» де Чемпиондар Лигасында шотландиялық клубты ұтқан болатын. Ал, «Астана» екі рет кездесіп, әртүрлі нәтиже тіркелді. 2017 жылы алғашқы ойында есе жіберіп, қарымта кездесуде 4:3 есебімен жеңіске жеттік. Сол ойындағы көңіл-күй әлі күнге дейін есімде. Чемпиондар лигасында атақты «Селтиктің» қақпасына гол соғу әр футболшы үшін үлкен жетістік. Әр ойында алдыма жоғары мақсат қоямын. Шотландиямен өтетін кездесуде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
- Жанкүйерлерге айтар тілегіңіз…
- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирі алдында жаңа бапкер Михал Билек бізге жаңа міндеттер жүктеді. Топтық кезең аяқталған соң қорытынды шығарамыз. Барша жанкүйерлерді Шотландия және Ресей құрамаларымен өтетін ойынға шақырамын. Жанкүйерлердің қолдауына үміт артамыз. Наурызды амандықпен қарсы алайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң, жол болсын!