Михал Билек: «Футболшылар ойынға қойылған талапты толықтай атқарып шықты»

Михал Билек: «Футболшылар ойынға қойылған талапты толықтай атқарып шықты»

14 қазан 2019, 02:10
Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек Бельгиямен өткен ойыннан кейін журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Өткен жолы Бельгиядан ірі есеппен ұтылдық...

- Кез келген жеңіліске көңіліміз толмайды. Футболшылардың барлығы соңына дейін ойнады. Ойынға қойылған талапты толықтай атқарып шықты. Бүгін әлемнің ең үздік командасына жол бердік. Алайда, өз ойыншыларымның ойынына көңілім толады.

- Азар, Мертенс және басқа да бельгиялық футболшылардың деңгейі жоғары. Осындай ойындарда оң нәтижеге қол жеткізу үшін не істеу қажет?

- Қазақстандық футболшылардың шетел чемпионаттарында ойнауы маңызды. Мәселен, Ресей Премьер-лигасы. Сонымен қатар, қазақстандық клубтардың еурокубок ойындарына жиі қатысуы. Тәжірибе халықаралық матчтар арқылы жиналады.

- Бүгін ұлттық құрама жейдесінде алғаш рет алаңға шыққан Олжас Керімжановтің ойынына көңіліңіз тола ма?

- Керімжанов алғаш рет ойнады. Марочкин де алғаш рет Бельгияда өткен кездесуде алаңға шыққан еді. Ресеймен өткен ойында Айбол Әбікен толық ойнап шықты. Олардың барлығы ұлттық құрамадағы алғашқы ойындарын лайықты өткізді. Барлығының мүмкіндіктері зор. Әрі қарай құрамаға шақырылады.

- Екі мүмкіндікті пайдалана алмаған Максим Фединнің ойынына баға берсеңіз?

- Бүгін мен оның шабуылда көп қимылдағанын талап еттім. Ол Бауыржан Исламханның пастарына ашылуы тиіс болды. Жақсы ойын өткізді. Бірінші таймда жақсы мүмкіндігі болды. Гол салғанда жақсы болар еді...

- Ұлттық құраманың тізгінін ұстағалы бір жылдай уақыт өтті. Барлық ойларыңыз жүзеге асты ма?

- Наурыз айында Шотландиямен өткен ойынды көрдіңіздер. Сонымен қатар, жақында Ресейге лайықты қарсылық көрсеттік. Әр ойында гол салғымыз келеді. Бүгін жолымыз болмады. Өйткені, қарсыласымыз әлем футболының үздігі. Футболшыларым жақсы қырларын көрсетті.  

- Сол қапталда қос қорғаушы Шомко мен Сүйімбаев қатар ойнады. Неліктен?

- Ғафуржанның қалай ойнайтынын білемін. Соңғы ойындарда қапталдағы жартылай қорғаушы міндетін өте жақсы атқарып шықты. Оның берген пастары ойынды шиеленістіре түседі. Шабуылға жақсы араласады. Ойында жарақат алып қалып, оны алмастыруға мәжбүр болдық. Шомко қорғаныста сауатты ойнады.

- «ПСЖ» қорғаушысы Тома Менье Бауыржан Исламханның жергілікті Премьер-лигада ойнайтынына таңғалды. Шетелге кету қажет шығар?

- Ойын алдында арнайы жүйе болды. Сол жүйеге сәйкес, Исламхан шабуылда ойнады. Жақсы ойын өткізді. Оның Еуропаның үздік чемпионатарында ойнағанын қалаймыз. Исламхан – Премьер-лиганың ең үздік ойыншыларының бірі.

Бөлісу
Жоғары