Қайрат Нұрдәулетов: «Қарсыластың деңгейі айтарлықтай жоғары, алайда біз ешкімнен қорықпаймыз»

Қайрат Нұрдәулетов: «Қарсыластың деңгейі айтарлықтай жоғары, алайда біз ешкімнен қорықпаймыз»

03 маусым 2021, 21:26
Қазақстан U-21 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов Бельгиямен өтетін матч туралы ойын алды баспасөз мәслихатында айтып берді: 

– Ертең салмақты әрі қызық ойын күтіп тұр. Ең алдымен ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен облыс және қала әкімдігі, «Ақтөбе» футбол клубының әкімшілігіне алғыс айтқым келеді. Олар біздің тараптың ұсыныстарын толық орындады. 

Дайындыққа келсек, барлығы жоспарға сәйкес өтіп жатыр. Жігіттердің барлығы жиынға қосылды. Ең басты мәселе - орталық қорғаушылардың қатардан шығып қалуы. Біреуі сырқаттанып, екіншісі жарақат алып қалды. Біз қарап шыққан ойыншылардың 90-95 пайызын шақырдық.

– Біздің команда Бельгияға қалай қарсылық көрсете алады?

– Ең алдымен тәртіп пен ынта-жігердің арқасында деп санаймын. Тәртіптің арқасында табысқа жете аламыз. Барлық талапты орындай алсақ, лайықты қарсылық көрсетеміз. 

– Іріктеу кезеңіне қандай мақсат қойылды? 

– Жаттықтырушылар штабына қойылған талап жақсы ойын көрсетіп, топтан шығу. Қарсыластардың деңгейі айтарлықтай жоғары екені белгілі, алайда біз ешкімнен қорықпаймыз. Футболда бәрі болады. Жасыл алаңда жас ойыншылар бар күш-жігерін салса, жақсы ойын көрсетеріміз хақ. 

– Ертеңгі ойында команданың капитаны кім болады?

– Сұлтан Сағнаев.

– Түркияда өткен жолдастық турнирге «Фенербахче» ойыншысы Микаэль Асқаровты шақырдыңыз. Бұл жиынға неге келмеді? 

– Өкінішке қарай, Микаэль жарақат алды. Емделіп жатыр. Алдағы ойынға жазылып үлгермейтін болғандықтан оны шақырмау туралы шешім қабылдадық.

Бөлісу
Жоғары