Калоян Петков: «Екі ойынның қорытындысы бойынша талдау жұмыстарын жүргіземіз»

Калоян Петков: «Екі ойынның қорытындысы бойынша талдау жұмыстарын жүргіземіз»

16 маусым 2021, 00:05
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Калоян Петков оқу-жаттығу жиынын қорытындылап, Армения құрамасымен өткен жолдастық ойынның нәтижелеріне тоқталды: 

- Ереванда өткен оқу-жаттығу жиыны аясында Армения құрамасымен екі жолдастық матч өткіздік. Ұзақ жолдан кейін алғашқы ойын қиындау болды. Бұл ойында ұлттық құрамаға үміткер жас ойыншылардың мүмкіндіктерін қарадық. Қарсылас екі голды да стандарттан соқты. Есеп айырмасын қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмадық.

Екінші кездесуге дайындалуға екі күн болды. Команданың негізгі ойыншылары алғашқы минуттан бастап алаңға шықты. Бегайым Қырғызбаеваның жылдам голы мен Светлана Бортникованың әдемі голынан кейін басымдықты қарсыласқа бермедік. Бұрыштамадан салынған тағы бір голды төрешілер санамай тастады. Ойынның екінші бөлігінде сары қағаз алған ойыншыларды ауыстырдық. Ойынға тыңнан араласқан Әселхан Тұрлыбекова шешуші голды салды.

Жаттықтырушылар штабы екі ойынның қорытындысы бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді. Осы жиынға ұлттық құраманың бес негізгі ойыншысы жарақаттарына байланысты қатыса алмады. Қыркүйек айында 2023 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары басталады. Алғашқы екі ойынды сырт алаңда Уэльс және Грекия құрамаларына қарсы өткіземіз. Ең үздік деген ойыншыларды ресми ойындарда ел намысын қорғауға шақырамыз.

Бөлісу
Жоғары