Алғашқы қарсылас - Словения

Алғашқы қарсылас - Словения

20 қаңтар 2022, 14:20
Алғашқы қарсыласымыз Словения құрамасы жайлы қазақ жанкүйерлері не біледі? Бірінші матчта ұпайдан шашау шығарып алуымыз әбден ықтимал.

Словения құрамасы Еуропа аймағынан іріктеліп, Еуропа чемпионатына жолдама алған құрама команданың бірі. Олар іріктеудегі өз тобында Испаниямен бір топта өнер көрсетті. Әлбетте, "қызыл фурияға" шамасы жетпегені белгілі. Алайда қалған матчтардың барлығында жеңіске жетіп, екінші орын иемденді. Сонымен қатар Словенияның топ ішінде көрсеткен нәтижесі күллі екінші орын алған құрамалардың ішінде үздік болып шықты. Ал топ ішіндегі матчтарды бір еске түсіріп, саралап көрсек.

Алғашқы матчта Словения құрамасы Швейцария командасын 12:1 нәтижесімен ойсырата жеңді. Ал екінші ойында олар Латвия құрмасына қонаққа барып, жалқы голдың арқасында жеңіске жетті. Үшінші матчта олар Испанияға 3:1 есебімен жол берді. Алайда осы кездесуде Словенияның адуынды Испания қақпасына гол салуының өзі неге тұрады?! Люблянада өткен қарымта матчта Словения тіпті тең нәтижеге қол жеткізіп, 1 ұпай еншілеп кете жаздады. Бірақ Испанияның аты Испания! Қонақ команда 1 доп айырмасымен жеңімпаз атанды. Десе де, Словения 2 жеңілістен үнжырғасы түспей, керісінше шабыттана ойнай бастады. Олар Швейцарияны сырт алаңда 11:1 есебімен тағы да есеңгіретті. Ал соңғы матчта Лавтиядан басым түсті. Маңызды кездесуде словениялықтар 5:3 нәтижесін тіркеді.

Осы Еуро додасына дайындық барысында Словения құрамасы 3 бірдей жолдастық кездесулер өткізді. Оның алғашқысы тегеурінді ұжым Хорватияға қарсы болатын. Бұл матчта шақпақ жейделілер Словенияның екі аяғын бір етікке тығып, 4:0 есебімен ойынды аяқтады. Ал одан кейінгі кездесуде Словения Польшамен ойнады. Поляктар құрлықтық дода қатысушысына тісі батпай, 1:2 жеңіліп қалды. Ал ертесіне екінші бір жолдастық матч өтіп, онда керісінше Польшаның бағы жанды. Бұл ойында Словения бапкері қосалқы құрам футболшыларын шығарып, олардың да дайындығын бір пысықтап алды. Қорытындылай айтқанда, Словения үш жолдастық кездесудің тек біреуінде ғана жеңіске жеткен. Ал оларды жеңген Хорватия мен Польшаны Қазақстан құрамасы оңай жеңіп жүр десек те болады. Яғни іріктеуде көрсеткен нәтижесі керемет болғанымен, Словенияның ЕУРО алдындағы дайындық жұмыстары қатты көңіл көншітпейді.

Десе де, көптеген мамандар бұл ойында Словения барын салады деп отыр. Өйткені бұл команданың артқа шегінерге жолы жоқ. Осы матчта ұпай еншілеп, топтан ең болмаса екінші орын алып, плэй-офф сатысына шығуды көздейді. Оның үстіне Қазақстан құрамасының қазіргі хәл-ахуалын олар тамаша түсініп отыр. Альберт Кнауб, Дәурен Тұрсағұлов секілді ойыншылармен қатар, бас бапкер Рикарду Каканың ковид жұқтырғанын олар пайдаларына асырғысы келеді. Демек Словения құрамасы матч барысында тактика өзгертіп, ойыншыларды басқаша ауыстырып, сан алуан қитұрқы әрекеттерге баруы ықтимал. Алайда қазақ жанкүйерлері бір ғана күшке сенеді. Қазақстан құрамасының ойыншыларының тәжірибиесі мол. Олар ірі додаларда жасындай жарқырайды. Ал қалғанын алаң көрсетер.

Ермұхамед Мәулен

 

Бөлісу
Жоғары