ҚФФ спорт журналистерін құттықтады

ҚФФ спорт журналистерін құттықтады

02 шілде 2022, 15:30
Футбол үйінде Халықаралық спорт журналистері күніне арналған шағын футболдан мерекелік турнир өтті.

Турнирге елімізде спорт тақырыбында қалам тербетіп жүрген журналистер қатысты. Жарысқа қатысқан командалар Диас Омаров, Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Сейітхан және Евгений Гайдамакин есімдерімен аталды. Жанкүйерлер тобына танымал спорт комментаторы Сұлтанғали Қарайтұлының аты берілді.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов спорт журналистерін төл мерекелерімен құттықтап, футболды дамыту жолындағы жан-жақты еңбектеріне алғыс айтты. Спорт журналистикасының ардагерлері Несіп Жүнісбайұлы мен Нұрғазы Сасаев жиналған қауымға тілектерін арнады.

Төрешілер тобын тәжірибелі маман Эдыген Юмашев басқарды. Ойында Нұрсұлтан Ескенов, Нұржан Жүнісов, Тимур Тұрсымбаев және Никита Утробин сынды талантты төрешілер қызмет атқарды.

Турнир төрттік финалы форматында ұйымдастырылды. Жеребе тарту рәсімін танымал фотокорреспондент Владимир Шаповалов жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жартылай финалдың алғашқы жұбын Диас Омаров пен Евгений Гайдамакин құрады. Екінші алаңда Сейдахмет Бердіқұлов пен Амангелді Сейітхан атындағы командалар бақ сынасты. 

Алғашқы ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Евгений Гайдамакин командасының бағы жанды - 4:2. 

Екінші кездесуде Амангелді Сейітхан атындағы команда 3:1 (1:1) есебімен жеңіске жетті. 

Халықаралық спорт журналистері күніне арналған турнирдің финалында Евгений Гайдамакин мен Амангелді Сейітхан командалары тартысқа түсті. Шешуші сында Евгений Гайдамакин командасы 2:1 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. 

Үшінші орын үшін таласта Сейдахмет Бердіқұлов командасы Диас Омаров командасын 5:0 есебімен ұтты. 

Жарысқа қатысқан командалардың барлығына бірдей жүлде табысталып, журналистерден құралған жанкүйерлер тобына естелік сыйлықтар тарту етілді.

Халықаралық спорт журналистері күніне арналған мерекелік жарысқа қатысушылар тартысты ойын көрсетіп, керемет көңіл-күй сыйлады. Федерация жарысты жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. 

Қазақстан футбол федерациясы еліміздегі барша спорт журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтайды. Зор денсаулық, сарқылмас шабыт және шығармашылық табыс тілейді! 

Бөлісу
Жоғары